Жаңалықтар

06.12.2018
Жеңіске жетті жас өрен

Сүйінші! Кенді қаламыздың жас өрені республикалық байқауда топ жарып, Сәтбаевтың атағын тағы бір мәрте аспандатып келді. Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің оқушысы Нариза Ибрагимова Астана қаласында өткен «Көңілдің асыл пернесі: Н.Ә.Назарбаевтың ән шығармашылығы» байқауына қатысып, «Елбасының сүйікті әндері» номинациясының жеңімпазы атанды.

Нариза – қаламыздың жас өнер­пазы. Шетелдік ән байқауларында елдің намысын қорғап жүргенін газетімізде бірнеше мәрте жариялаған болатынбыз. Әнші жүлделер қатарын тағы бір жеңіспен толықтыра келді. Екінші мәрте ұйымдастырылған шы­ғар­машылық байқау ҚР Тұңғыш Пре­зи­денті күніне арналып Назар­баев орталығында өткізілген. Өнерпазымыз өнерімен талайдың таңдайын қақ­тырып қана қоймай, Сәтбаев қала­сының мерейін үстем ете келді. Нариза ҚР еңбек сіңірген әртісі, композитор Кеңес Дүйсекеев, «Номад» этно-­инструментал­ды тобы­ның мү­шесі мен қобызшысы, ҚР еңбек сіңір­ген қайраткері Ардақ Балажанова төра­ғалық еткен байқауда «Біздің сүйікті Президентіміздің әндері толқынында» аталымы бойынша Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін нақышына келтіре орындап, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Өнерпаз диплом мен 150 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.
– Әндер байқауына еліміздің әр түкпірінен 150 қатысушы келді. Іріктеу кезеңінен 42 өнерпаз ғана финалдық кезеңге жолдама алды. 42 баланың ішінен 1-орынды алу мен үшін үлкен жетістік. Осы байқауға қатысуыма қолдау көрсетіп, мүмкіндік берген отбасыма, мектеп директоры Г.Жаппасоваға, музыка мұғалімі Э.Жұбаниязоваға алғысым шексіз. Өнер жолымдағы ұстазым, алғашында дауысымды байқап, тәлім беріп жүрген Айгүл Жұмашқызына рахметім бөлек. Вокалды жоғары дәрежеде орындауды үйренуде Дәулет Омашевтың еселі еңбегіне де алғысым орасан. Ол маған дауысты шыңдап, орындаудың құпияларымен бөлісуде, үйретуде, – дейді Нариза.
Өнерпазды біз де қала халқының атынан құттықтап, шығармашылық белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдіреміз!

Н.ҚОНЫСБАЙ.


Вернуться назад