Жаңалықтар

07.12.2018
Кестелі жыр, сүбелі сөз төгілді

Кенді өлке осымен үшінші жыл қатарынан кестелі жыр мен сүбелі сөзге қанық болып келеді. Сәтбаев жұртшылығы екі күн бойы II Республикалық «Сөйле, тілім, алаңдама, тартынба!» атты жас ақындар айтысына куә болып, ұлттық өнердің уызын қанып ішті. Төл өнерді төрге шығарған қала басшылығы сөз бәйгесінің жоғары деңгейде өткізілуіне мұрындық болып, жылдағы өнер мерекесін өзге шаралармен өрістете білді. Мәйекті сөздің мейрамы Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығы мен Сәтбаев қаласының 45 жылдығына орайластырылды.

Жас ақындардың жыр додасын дәстүрлі түрде өткізуді қолға алған қала басшысы Асқар Ыдырысов жылдағы дәстүрден жаңылмай, аламан айтыс жалғасын табады деп былтырғы сөз бәйгесінде сөз бергені дүйім елдің есінде. Биыл жүйелі жалғасын тапқан жарыстың бастамасы ретінде Асқар Абылайұлы қалалық әкімшілікте додаға түскен ақындармен ақ дастархан басында кездесу ұйымдастырғанды ұйғарыпты. Ресмиліктен ада болған жиынның ауаны былтырғы аламан төңірегінде өрбіп, кенді қаланың дамуы турасында баян етілді.

– Сіздерді кенді қаламызда тағы бір мәрте көргенімізге қуаныштымыз. Былтырғы аламан жергілікті жұртшылықтың әлі есінде. Сұлужан мен Жоламан арасындағы қыз бен жігіттің әдемі айтысы көпшілікті сүйсінткені анық. Биылғы сөз додасы да дүйім жұртты дүбірге бөлейді деп ойлаймын, – деп, Асқар Ыдырысов қалада атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді.

Ақындар арасынан сөз алған павлодарлық Саяхат Оразбек пен елордалық Сұлужан Таубалды киелі өнерге бас иген қала басшысына алғысын білдіріп, игі істер жалғасын таба берсін деген тілек білдірді. Жиын соңында Асқар Абылайұлы құрметті қонақтарға естелік сый тарту жасап, аламанға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жас ақындардың жолдарына сәттілік тілеп жатқанда, айтыстың әділқазылары, ақтаңгер айтыскерлер қаламыздағы бәсі биік білім ордасы С.Сейфуллин атындағы гимназияның ұжымымен кездесті. Аманжол Әлтаев, Тілеген Әділов, Айтбай Жұмағұлов, Мақсат Аханов, Нұрмат Мансұров, Өміржан Көпбосынов, Дидар Қамиев сынды азулы айтыскерлер қала мектептерінің өлеңсүйер, жыр-сүйер оқушыларымен дидарласты. Кездесуді қаламыздың жас ақыны Абай Ораз жүргізіп отырды. Жиын басында сөз алған Аманжол Әлтаев кездесуді ұйымдастырған азаматтарға рахметін жаудырып, айтыс өнерінің ерекшелігі турасында әңгіме өрбітті. Кездесуде ән-термелер орындалып, жырдан шашу шашылды. Оқушылар болса, өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, естелік суретке түсуге мүмкіндік алды.

Айтыссүйер жұртшылық түс ауа Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайына ағылды. Сөз бәйгесі ресми құттықтаулардан соң түрілді.
– Биыл қаламызда республикалық жастар айтысы кезекті рет ұйымдастырылып отыр. Ұшқанда құстың қанаты талып, шапқанда аттың тұяғы тозатын кең байтақ даламызда елдігімен ақын өрлігін ту етіп жоғары көтерген жас ақындармен Сәтбаев қаласында қауышқанымызға өте қуаныштымыз. Бұл бәйгенің бәсі биік, сөз сайысының негізгі мақсаты – Бұқар жырау бабамыздың мұрасына жан бітіріп, Сәтбаев қаласының 45 жылдығына тарту жасау. Шынболат ақынның ұраны бүгінгі айтысымыздың тақырыбы ретінде алынып отыр. Бұл қаламызда, елімізде мемлекет деңгейінде болып жатқан жаңашыл бағдарламаларды саралау, бағалаудың ой-өрісін өткізудің бір негізі. Елбасы Жолдауында келер жылды Жастар жылы деп атап өтті. Міне, біздің қаламызда Жастар жылының негізі бүгінгі жас ақындар айтысынан бастау алып отыр. Сөз тағылымын жете түсінген ұрпаққа ел тағдырын сеніп тапсыруға болады деп ойлаймын. Шын тұлпардың тұяғы аламанда қызатыны анық. Ендеше, айтыскер ақындарға сәттілік тілейік, – деді Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина.

Әділқазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтаев дүбірге бөлеген өнер мерекесімен жиналған қауымды құттықтап, барша қатысушыларға «Алла ауыздарыңа сөз салсын» деген ақжарма тілегін жеткізді. Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 18 жас ақын қатысты. Ақындарға Аманжол Әлтаев бастаған Арқаның азулы айтыскер ақындары Айтбай Жұмағұлов, Тілеген Әділов, Мақсат Аханов, Дидар Қамиев, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мұса Тілеуов пен «Шындық» қоғамдық қорының жетекшісі Абдолла Дастанов және ақын Ізтөлеу Түсіпов қазылық етті.

Кезек жас ақындарға берілді. Өнерпаздар жұптасып өнер көрсетті. Жырсүйер жұртшылық екі күн бойы қыз бен жігіт айтысы, жеңге мен қайын інінің айтысына, шаппа-шап айтыстарына куә болды.

Сөз бәйгесінің қорытындысы бойынша бас жүлде жаңаарқалық Сырым Бейсенбекке бұйырды. 1-орыннан Шымкенттен келген жас ақын, сырнайымен дүйім жұртты сүйсінткен Дәурен Ысқақ көрінді. Екінші орынды Аруна Керімбек пен Медет Жаманов жеңіп алды. 3-орынға бірден үш ақын Рай Дөңбай, Нартай Тілеуқұл, Мұхаммеджан Мансұров лайық деп танылды. Ш.Ділдебаев атындағы арнайы жүлдені жасындай жарқылдаған өреніміз, сәтбаевтық Абзал Мақашқа ақынның қызы Жайна Ділдебаева табыстады. Жеңімпаздар диплом мен ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Айтыс соңында сөз алған қала басшысы кенді өлкеде осымен үшінші рет ұйымдастырылған айтысты халықаралық деңгейде өткізуді қолдайтынын жеткізді. Өнер мерекесін екі күн бойы қызықтаған сәтбаевтықтар дүбірлі доданың жалғасын күтері анық. Алдағы жыл сөз бәйгесіне түскен жас ақындар мен айтыссүйер қауымға керемет мереке болғалы тұр.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер Олжас Батырбековтікі.


Вернуться назад