Жаңалықтар

08.02.2019
Ел болашағы – жастардың қолында

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Ал, жуырда Астанада «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен сол «Жастар жылы» ресми түрде бастау алды. Біз де сол шараның ашылу салтанатын тікелей эфирден көрдік.

Форумға мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев,Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысты.
Мемлекет басшысы «әр адамның бойына жұмыс істей білу, оқып-үйрене білу, өмір сүре білу, қазіргі әлемде өмір сүре білу қасиетін сіңіру керек», деп жиі айтатын. Сондықтан қоғамның әр саласында табысты еңбек етіп, жемісті білім алып жүрген «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» жетістіктерімен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін білдіргені қуантарлық жағдай.
Жастарды жұмыспен қамту елімізде басты назардағы мәселелердің бірі екені белгілі. Осы проблеманы жою үшін елімізде «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», т.б. бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр.
Енді Қазақстанда жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үйлер салынады. Елбасы Астана, Алматы және Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жылына бір мыңнан кем емес пәтер салуды тапсырды.
«Жас келсе – іске» деп дана халқымыз айтқандай жастарға мол мүмкіншілік берілген. Осы мүмкіндікті жастарымыз дұрыс пайдалана біледі деген сенімдемін.

Қ.Жанасылова,
Қалалық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі.


Вернуться назад