Жаңалықтар

11.02.2019
Ақпарат беруге атүсті қарағандарға шара қолданылады

«Кеңейтілген аппарат жиыны әшейін уақыт өткізу үшін емес, өткенді саралап, алдағы іске жоспар жасау үшін өткізіледі. Ендеше оған жауапкершілікпен қараңыздар. Ақпарат беруге атүсті қарағандарға шара қолданатын боламыз. Бұдан кейін әрбір аппараттық жиынға мекеме басшылары мен жауапты тұлғалар жан-жақты әзірлікпен келетін болсын».

Сейсенбі күні өткен кеңейтілген аппараттық жиында қала әкімі Асқар Ыдырысов осындай талап қойды. Қала басшысының мұндай шұғыл шешім қабылдауына жиында есеп берген жауапты тұлғалардың хабарламаларының қанағаттанғысыз әзірленгені түрткі болды.

– Өзіміз атқарған жұмысымызды өзіміз жеткізіп көрсете алмасақ, қордаланған мәселелердің түйінін қалай шешуге болатындығын білмесек жиналыс өткізіп керегі бар ма. Жылдың басы енді басталды, «осы жылы мынадай жұмыстар атқарсақ» деп ұсыныс айтып келген, жобаларын қорғауға ниет білдірген басшылар бірен-саран ғана. Өткен жылды біршама табыстармен қорытындыладық, бірақ, шешімін күткен істер де аз болған жоқ. Биыл сондай олқылықтар болмас үшін бірлесіп жұмыс істеу керек. Ендігі жерде кеңейтілген аппараттық жиында міндетті түрде жүйелі жұмыстар мен тың жобалар сұралатын болады, – деді Асқар Абылайұлы.

Облыс әкімінің тапсырмасы біздің басты бағдарымыз болады

Аппараттық жиынды қала басшысы облыс әкімінің үстіміздегі жылы атқарылатын негізгі бағыттарды айқындап бергенімен бастады. Бұл тапсырмалар Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған өзекті мәселелер негізінде туындап отырғанын жеткізді.

– Облыс әкімі Ерлан Қошановтың тапсырмасы бойынша біз үстіміздегі жылы елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға барынша назар аударуымыз қажет. Бұл жайында Елдасы өзінің қазан айындағы Жолдауында да, Үкіметтің кешегі кеңейтілген отырысында да айтты. Осыған орай біз негізгі жұмысты мына бағыттарға қарай бұруымыз керек, – дей келіп Асқар Ыдырысов алда тұрған басым бағыттарды саралап шықты.

Қысқаша айтар болсақ, үстіміздегі жылы қала ішілік, орам аралық жолдарды жөндеуге баса назар аударылмақ. Осы орайда қаламыздағы 3-ші және 7-ші шағынаудандарда жолдар мен аулалар күрделі жөндеуден өтетін болады.

Сондай-ақ, аймақ басшысының тапсырмасына орай емдеу орындарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де күн тәртібіне қойылды. Білім беру жүйесі де жетілдірілетін болады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының алдына да зор міндеттер жүктелген. Бұл әсіресе агроөнеркәсіп кешенін дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға, азық-түлік қауіпсіздігі мен экспортты қамтамасыз ету, ішкі нарықты өз өнімдерімізбен толтыру, бағаны тұрақтандыру, тарифты бақылауда ұстау сияқты өзекті мәселелерге негізделмек.

Елбасының «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру үшін қаламызда нақтылы жұмыстар қолға алынатын болады. Бұл бағытта Астана мен Алматы қалаларының тәжірибесін қолдану ұсынылып отыр.

Облыс әкімі жастар мәселесін де басты назарда ұстауды тапсырды. Оларды жұмыспен қамтамасыз ету, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын түзеу, кәсіпкерлікке тарту сияқты бағыттарды қамтыған арнайы іс-шаралар концепциясын жасауды тапсырды.

Бұл бағытта да қаламызда ауқымды жұмыстар атқарылады деп күтілуде. Жастармен кездесулер өткізу, оларды қоғамдық жұмыстарға тарту, көгалдандыру, сәулеттендіру жұмыстарына жастар жасақтарын құру сияқты жұмыстар қолға алынбақ.

– Облыс әкімінің тапсырмалары біздің биылғы жылы атқаратын жұмыстарымыздың басты бағдары болады. Осы бағытта да сіздерден тың ұсыныстар мен жүйелі жоспарлар күтемін, – деді Асқар Абылайұлы.

Кадрлық өзгерістер

Жиын барысында қала басшысы бірқатар кадрлық өзгерістерге тоқталды. Соның ішінде, қала әкімінің өкімімен 4 ақпаннан бастап «Сәтбаев қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары және тұрғын-үй инспекциясы» бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы болып Күнеділова Камшат Шахмаранқызы тағайындалды.

Сондай-ақ, Сәтбаев қалалық мәслихатының 10 қаңтардағы 41-ші сессиясының шешіміне сәйкес Сәтбаев қалалық сайлау комиссиясының төрағасы болып Нина Андреевна Геймбух, хатшысы болып Мбугульсим Пазылқызы Есмурзаева сайланды. Конституциялық Заңға сәйкес аумақтық сайлау комиссиясы бес адамнан сайланып, өз өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын болады.

Аппараттық жиында қала басшысы жаңадай тағайындалған һәм сайланған лауазым иелерін қала активіне таныстырып, жұмыстарына табыс тіледі.

Нақтылы тапсырмалар жүктеді

Мұнан әрі, күн тәртібінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, бағаны тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар және санитарлық жағдай мен көктемгі су тасқынына әзірліктің барысы жайлы жауапты тұлғалардың есептері тыңдалды. Алғашқы мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина хабарлама жасап, әлеуметтік саланың дамуы, осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда ағымдағы жылға жоспарланып отырған жұмыстар легін атап өтті. Күн тәртібіндегі екінші мәселе жөнінде қалалық қаржы және экономика бөлімі басшысының орынбасары Шапағат Әубәкір мен қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Марат Бапов сөз алып, өздері жетекшілік ететін салаға қатысты жайттарды жіпке тізіп шықты.

Бұл тұрғыда әкім Асқар Ыдырысов жыл басталмай жатып бюджеттен 100 миллион теңгенің игерілмей жатқанын, оған не кедергі болып отырғанын тәптіштеп сұраса, бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың мардымсыздығын, ауыл шаруашылығы саласында әлі де атқарылатын жұмыстардың көп екенін, оған мүмкіндік бола тұра ниет таныту жоқ екенін айтты. Және осы тұрғыда қадау-қадау тапсырмалар берді.

Аталған мәселенің өзектілігін баса айтқан қала басшысы өңірде кәсіпкерлікке бағытталған жұмыстарды жандандырып, кедергілерді болдырмау бағытында тиісті шаралар жүргізуді тапсырды.
Кеңейтілген аппарат жиыны қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ербол Байғазиевтің есебімен түйінделді.

Бұдан өзге, қала әкімі қыс мезгілінде әлі де аязды күндер болатынын ескертіп, мектептердегі жылу жүйесін бақылауға алуды тиісті сала жетекшілеріне міндеттеді.

Ізтай Белгібайұлы.
Суретті түсірген
О.Батырбеков.


Вернуться назад