Жаңалықтар

12.04.2019
Өзекті мәселе оңтайлы шешілмек

Қаланы абаттандыруға қатысты қоғамда кереғар пікір жетерлік. Шаһар тұрғындарының басым көпшілігі қарқын алған көріктендіру жұмыстарының тиянақсыз атқарылатынына, аулалардың ажарын кіргізуде атқарылған істердің аяқсыз қалып жататынына жиі наразылық танытады. Сондықтан, көшелердің көркін келтіруге бағытталған көшелі істі қатаң бақылауға алу керек. Жуырда Сәтбаев қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері кезекті отырыста осы мәселенің мән-жайына үңіліп, жауапты мамандарға нақтылы ұсыныстарды жеткізді.

Қоғамдық кеңестің отырысы «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында өтті. Жиынды кеңес төрайымы Марал Мәдиева жүргізіп отырды. Жиналысқа кеңес мүшелерімен қоса БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібіне сәйкес, жиын барысында абаттандыруға жауапты орган басшыларының баяндамалары тыңдалды. Алдымен өткен жылда атқарылған жұмыстарды жіпке тізген қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары және тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшысы Камшат Күнеділованың есебіне кезек берілді.

– 2018 жылы орташа жөндеу бағытында бірқатар жол төсемі асфальтталып, жиектастар ауыстырылды. Мәңгілік ел, Наурыз, Шаталюк көшелері бойында жаяужол тақталары орнатылды. Мұнымен қоса, қаланың шығыс ауданындағы Майлин және Мұқанов көшелеріне қарасты жолдар асфальтталды. Көше абаттандыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. 1 және 2 шағын аудандарда жолдар кеңейтіліп, жиектастар ауыстырылды. Жол төсеніштері төселді. Ал, көріктендіру бойынша ағаштарды әктеу, көшет отырғызу, жасыл желекті дәрілеу жоспарға сай атқарылды. Сондай-ақ, бірқатар көшеде суару құбырлары қалыпқа келтіріліп, жаңа құбырлар орнатылды. Орын алған олқылықтарды кепілдік міндеттемелер аясында қайта қалпына келтіретін боламыз, – деді Камшат Шахмаранқызы.

Кеңес мүшелері өткен жылы атқарылған жұмыстардың олпы-солпы орындалғанын, салынған жолдардың сыны кете бастағанын айтып ашынды.

– Қазір жөндеу көрген жолдармен жүріп өтсең, көзің еріксіз шұңқырға түседі. Орындалған жұмыстың сапасы өте нашар. Көпшіліктің көңілі толмайтынын несіне жасырамыз. Сапасы көңіл көншітпеген соң, атқарылған шаруалардың ауқымы кімді қызықтырады. Сондықтан, қатаң бақылауға алуларыңызды сұраймыз. Мердігер ұйымдардың жұмысына сақ қарап, асфальттау кезінде геодезиялық жұмыстарға да өте қатты мән берген дұрыс, – деді Әбулаис Молақов.

Кеңес мүшелері бөлім басшысына абаттандыру сапасын жақсартуға қатысты бірқатар ұсыныстарды жеткізді. Олардың қатарында қаланы абаттандыру мәселелері бойынша мемлекеттік тапсырысты орындаған мердігерлік ұйымдардан кепілдік міндеттемелердің орындалуын талап ету, асфальттау кезінде геодезиялық жұмыстарды жүргізуді міндеттеу, сапа сертификаттарының болуын қамтамасыз ету, аулалардағы ойын алаңдарын күтіп ұстауды сенімді басқаруға беру, алаң аумақтарында құмды және металл құрылымдарын полимерлік құрылымдарға ауыстыру, суару құбырларын жұмыс жағдайына келтіру, жасыл желектерді толық қалпына келтіруді қамтамасыз ету болды.

Қаладағы абаттандыру ережелерінің сақталуы туралы қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Сабыржан Сейтжанов баяндады. Қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысты кеңес мүшелері итті белгіленбеген орында серуендету, балалар алаңдары мен аулаларда спирттік ішімдіктер ішу, габаритті емес қоқыстарды контейнер маңына шығаруға қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсынысты жеткізді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.


Вернуться назад