Жаңалықтар

15.04.2019
САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ ЖОЛЫНДА

1999 жылдан еліміздің барлық өңірінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының бастамасымен жалпыұлттық «Денсаулық фестивалі» тұрақты түрде өткізілуде. Қалыптасқан дәстүр бойынша биыл сәтбаевтықтар да денсаулық мерекесін ерекше құлшыныспен атап өтті.

Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін атсалысқан акцияны ұйымдастырудағы басты мақсат – қалың бұқараны денсаулықты сақтауға, нығайтуға, салауатты өмір салтын ұстану мәдениетін қалыптастыруға шақыру.

Кеншілер алаңында кешенді жаттығулардан тұратын флэшмобқа қатысушыларды қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Г.Жалмұрзина құттықтады.

– Спортпен айналысу, дұрыс тамақтану, жүйелі профилактикалық тексерілу аурудың алдын алудың негізі болып табылады. Әрбір қазақстандық белсенді өмір салтын қалыптастырып, зиянды әдеттерден арылуы қажет. Осындай шаралардың спортқа деген құлшынысымыздың оянуына септігін тигізері анық, – деді ол.
Фестиваль шеңберінде орталық алаңда «Денсаулық қалашығы» ұйымдастырылды. Дәрігер-мамандар ақыл-кеңес беріп, салауатты өмір салтын қалыптастырудың барлық аспектілері бойынша ақпараттық-білімдік әдебиеттер таратты. Қандағы холестерин мен қант мөлшерін, бойы мен салмағын, қан мен көз қысымын өлшеткен тұрғындар қорытындысы он бес минуттың ішінде дайын болатын ВИЧ инфекциясына шұғыл тест өткізіп, ЭКГ бойынша тексерістен өтті.

– Мұндай шараларды жиі өткізіп тұрғанның артықтығы жоқ. Қан қысымымды өлшетіп, жүрегімді тексертіп, қажетті медициналық көмектердің барлығын бір жерден алдым. Тиімділігі сонда, – дейді қала тұрғыны А.Кеңесова.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Технологиялық колледжінің студенті М.Жәркенов: «Соңғы уақытта халықтың денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі білімі арта түсуде. Спорттың бұқаралық сипат алуына ерекше көңіл бөлуде. Біз осы жолда туған қаламыздың дамуына үлес қосып жүргенімізді мақтан ете тұра, «Қазақ жастары» деген атқа лайықты  болуға тиістіміз» – деп, жастарға серпін беріп, «Қазақстан, алға!», «Сәтбаев, алға!» деген ұран сөздермен жігерлендірді.

Шара барысында дене жаттығулары жасалып, армрестлинг, арқан тартыс, асық ату, кір тасын көтеру секілді спорт түрінен жарыс өткізілді. Көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, көңілді сергітетін әндер шырқалды.

Мейрамгүл САЯЖАН.


Вернуться назад