Жаңалықтар

14.05.2019
Ойын алаңы ашылды

Қазақстан халқы бірлігі күнінде бүлдіршіндер үшін жаңадан ойын алаңы бой көтерді. Абай көшесі 64А мекен-жайы бойынша орын тепкен «Mini track» өткен аптада салтанатты жағдайда ашылып, қолданысқа берілді.

Салтанатты ашылу сәтінде Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Сұлтан Нарботаев сөз алып, шаһардағы шағын және орта бизнес өкілдерінің әлеуметтік бағыттағы жобалары әрдайым жүзеге асатынын жеткізді. Сұлтан Нұрланұлы бұған дейін аяқ-киім кәсібіне машықтанған жеке кәсіпкер Бауыржан Әбсадықовтың бұл тың жобасының сәтті іске асқанына ризашылығын білдіріп, алаңның салтанатты лентасын қиды.

– Кәсіпкерді сауда-саттық саласының белді өкілі ретінде білеміз. Бұған дейін аяқ-киім сатумен айналысып келсе, бүгінде жаңа кәсіпті игеріп отыр. Ісіне сәттілік тілеп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүре берсін деген тілек айтамын, – деді Сұлтан Нарботаев.

Бұл Бауыржан Әбсадықовтың кәсіпкерлік саласындағы қолға алған жаңа жобасы. Ойын алаңын ашу туралы ой Мәскеу қаласына барған сапарында келген. Сөзінше, мұндай алаңдарда, яғни белгіленген кедергілерден өту арқылы балалардың ойлау және таным қасиеттері артады.

– Аңсаған арманымыздың, еңбегіміздің жемісі ретінде кәсіпкерлікті қалада дамытсақ, балаларға арналған ойын орталықтары көбейсе деген оймен ашып жатырмыз. 1 жылдың көлемінде ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілді. Халықтың игілігіне жараса деген тілегім бар. Қалада ерекше жоба ашқымыз келді. Барлық керек-жарақтың барлығы алынды. Алаң бес жастан асқан балаларға арналып салынды, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер алдағы уақытта балалардың қызығушылығын арттыру үшін қосымша ойын жабдықтарын алмақ ниетте.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.


Вернуться назад