Жаңалықтар

07.06.2019
Жаңа балабақша ашылды

Сәрсенбінің сәтті күні сәтбаевтық тұрғындар, әсіресе бүлдіршіндер үшін қуанышқа толы күн болды. Өйткені, Наурыз көшесі 15 а үйінен орын тепкен «AIBOL» жекеменшік балабақшасы өз есігін айқара ашты. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында пайдалануға берілген мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесі 50 орынға есептелген.

Бүлдіршіндерді оқыту және тәрбиелеу ошағының ашылуына арналған салтанатты жиында қала тұрғындарын қала әкімі Асқар Ыдырысов ақжарыла құттықтап, балғын балалар ұясын салуда мемлекеттік қолдаудың жан-жақты екендігін жеткізді.

– Алғаш рет мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылып отырған бұл балабақша жаңа жобаларды жүзеге асыруға көрсетілген жол іспетті. Өйткені, осы бағытта өтініш білдіргендер саны артып отыр. Қос кәсіпкер тағы осындай екі балабақша салуға құлықты. Мұның барлығы сұранысты қанағаттандыруға бағытталған қадам. Бүлдіршіндерімізге бақытты балалық шақ тілеймін, – деді шаһар басшысы.

Барлығы 50 орынға шақталған балабақшада жас ерекшеліктері бойынша (3-5 жас аралығында) екі топ ашылатын болады. Мекемеде бүлдіршіндер жаңартылған білім мазмұны бойынша оқытылып, Елбасы ұсынған «Үштұғырлы тіл» ұстанымына басымдық берілмекші. Жауапты міндетті мінсіз атқаруға арнайы біліктілік курстарынан өткен педагог-қызметкерлер алынды. Қазіргі уақытта балабақшаға қабылдау онлайн режимде жүргізілуде.

– Бұл – біздің алғашқы жобамыз. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры мен екінші деңгейлі банк арқылы берілген несиеге иек артып, бір жыл көлемінде жүргізілген қыруар жұмыстар нәтижесінде іске асырдық. Қазіргі уақытта 9 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Балаларға қажетті құрал-жабдықтар алынды. Бір аптадан соң бүлдіршіндерді қабылдай бастаймыз, – дейді жеке кәсіпкер Айсұлу Шакина.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.


Вернуться назад