Жаңалықтар

13.06.2019
Жаңа әліпбиді қалай үйренеміз?

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Бұл мәселенің неғұрлым дәйектілік қажеттілігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп, латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап кеткен болатын. Бүгінгі таңда осы бір жауапкершілігі мол, тарихи оқиғаның басы-қасында жүріп, сол жолда тыңбай еңбек еткен ғалымдар, білікті мамандар көп істің басын қайырды деуге болады. Жаңа қазақ әліпбиі бекітілгеннен бері елімізде семинар-кеңестер, дөңгелек үстел, семинар-тренинг, отырыстар өткізіліп келеді. Құзырлы мекемелер мен жауапты мамандар тарапынан жұмыс жоспарлары құрылу үстінде және насихат жұмыстары жүргізілуде. Өткен аптада қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен «Жаңа қазақ әліпбиін меңгерудің тиімді жолдары» атты тренинг ұйымдастырылып, әліпбиді қалайша оңай және тез үйренуге болады деген мәселеге ой жүгіртіліп, латын графикасына көшуге арналған ІТ-жобалар таныстырылды.

Астанадан атарылтқан «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің бас директоры, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының кеңесшісі, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы «Рухани жаңғыру – ұлттың рухы» тақырыбындағы баяндамасында Германия, Франция, Британия сияқты  мемлекеттерде үш және одан да көп әріптердің бірігіп, бір ғана дыбыс беретін жазу нұсқалары барын, ал біздің әліпби халықтың меңгеруіне өте ыңғайлы әрі жеңіл етіп жасалғанын атап өтті.

– Енді рухани жаңғыру кезінде ең алдымен біз елін, жерін, халқын шын сүйетін ұрпақ, қалың қауым тәрбиелейміз десек, әуелі тарихи санамыз жаңғыруы керек. Қазақтың ертеңгі ұрпағы ең әуелі осы елдің, осы кең байтақ жерді қалай иеленгенін, бұған қанша қан төгіліп, қанша тер сіңгенін, мұндай ұланғайыр даланы біздің ата-бабаларымыз қалай сақтап қалғанын, бұл даланы бізге өсіп-өну үшін аманаттап кеткенін, осы дархан даланың әр қарыс жері үшін батырларымыздың, хандарымыз бен билеріміздің қасық қаны қалғанша қалай күрескенін бүгінгі ұрпақ білуі керек. Сонда ғана тарихын тану арқылы біздің ұрпақтың бойында қазақ екенін мақтан тұтатын, «мен мынадай ата-бабадан, намысын таптатпаған ержүрек, батыр ұлттан тараған ұрпақ екенмін ғой» деген түсінік қалыптасқан, елі мен жерін сүйетін шын мәніндегі отаншыл, ұлтшыл, патриот ұрпақ өсіп-өнеді деп ойлаймын, – деген қоғам қайраткері отты сөздерімен, терең мағыналы ойымен жиылған жастарымызға салмақты ой салғандай болды. Қоғамда орын алып жатқан әртүрлі жағдайлар мен өзекті мәселелерге бей-жай қарай алмайтынын айтып, жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарымызды қалай сақтап қалу керектігіне тоқталды.

Қазақ халқының ұлт болып қалу көрсеткіші қазақ тілінде екендігін, мемлекеттік тілдің қоғамның барлық саласында өз деңгейіне жетпегендігін, сондықтан да, қазақ өз тіліне толық ие болмайынша, теріс пікірлердің айтыла беретіндігін ашып айтты. Тіл мәдениеттің де, білімнің де негізі екендігін ең алдымен жастарымыздың түсінгені жөн екендігін жеткізген О.Асанғазы Гарвард университетін отыз жылдан астам басқарған Чарльз У.Эллиоттың: «Мен білімділіктің маңызды бөлігі ретінде зияткерліктің бір ғана қажеттілігін мойындаймын, ол – ана тілін айқын әрі мүлтіксіз меңгеру» дегендігін Гарвардта, Батыстың басқа да оқу орындарында білім алып келген немесе білім алып жатқан, бірақ өзінің ана тілін білмейтін жастарымызға өнеге ретінде алға тартты.

Көкейкесті, қазақи рухты көтеретін адами құндылықтар жайлы өзекті мәселелер қарастырылып, жаһандану, адам санасының жаңғыруы жайлы сұрақтарға жауап алынды.

«Жаңа әліпбиді меңгерейік» тақырыбында сөз қозғаған Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы ресурстық тіл орталығының директоры Гүлназ Мұстағұлова әліпбиді өзгерту деген тек кирилл әріптерін латынмен алмастыру ғана емес, ол жазу саласына реформа жүргізіп, қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпиялық заң­дылықтарына толық­тырулар мен өзгерістер енгізу дегенді білдіретінін ұғындырды. Қазіргі таңда орфоэпия (айтылым) заңдылықтары ұмытылып, сөздің айтылуы да, жазылуы да орфография (жазылым) заңдылықтарына қарай ауысып бара жатқандығына тоқталып, жаңа әліпби жүйесінде бұрынғы өрескел кеткен қателіктер өзгертіліп, емле-ережелеріміздегі заңдылықтар толық сақтал­атындығын айтты. Жаңа әліпбиде фонетикалық та, морфологиялық та принциптер басшылыққа алынғанын, алайда фонетикалық принципке басымдылық берілгенін, қазақтың төл дыбыстарының айтылуына қарай барынша дәл беру мақсатының орындалғанын жеткізді. Қазақ тілінің сөздік қорына қажет емес ц және ч дыбыстарының жаңа латын әліпбиінде таңбалануының себебін түсіндірді. Диграфпен берілген дыбыстардың инициалы қалай жазылатындығын, диграфпен берілген дыбыс­тардың негізгі әліпбидің қатарынан орын алмауының себебін нақтылады.

Мұнан соң латын әліпбиіне көшуге арналған ІТ-жобалармен «Үш байлық» ҚБ әдіскері Айшат Ғаббасова таныстырып, онлайн-конвертер жүйесінің мүмкіндіктерін паш етті.

Латын графикасындағы қазақ әліпбиін үйретуге бағытталған Qazlatyn.kz ұлттық порталы пайдаланушыларға латын графикасына көшу кезеңдері жөнінде барлық мәлімет пен ақпаратты ұсынады. Көпфункционалды конвертер арқылы кез келген мәтінде кириллицадан латынға, латыннан кириллицаға, сонымен бірге төте жазуға аударуға болады.

Сонымен қатар, маши­налық оқыту негізінде мемлекеттік тілді үйретуге арналған Tilqural.kz веб-сервисі және қазақ тіліндегі 320 мың сөздің сипаттамасын көрсететін электронды Sozdikqor.kz іздеу жүйесінің қызметі көрсетілді. Sozdikqor.kz іздеу жүйесін мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының тапсырмасымен iCoder компаниясы әзірлеген. Қазіргі кезде бұл порталда 320 мың сөз жинақталған. Әрбір сөздің түсініктемесі, дыбысталуы бар. Болашақта сөздік қор толықтырыла түспек. А.Ғаббасованың айтуынша, болашақта порталдағы сөздердің орыс, ағылшын, француз тілдеріндегі аудармасы қолжетімді болады.

Сондай ақ, енді балалардың жаңа қазақ әліпбиін жылдам үйренуіне 3D форматта әзірленген «Iqdos» мультфильмі мен латын әліпбиінде титр жасалып, дубляждалған «Селтең сері» анимациялық фильмі көмектеседі. Ал, «Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» атты электронды алаң қазақ тілінің терминологиялық базасына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

2019 жылдағы басты міндет – бекітілген емле ережені халыққа үйрету. Ол үшін мамандар даярлау қажет. Соған байланысты Білім және ғылым министрлігі биыл 9038 адам, ал Мәдениет және спорт министрлігі 2400 адамды оқытуды жоспарлауда. «Тіл – Қазына» орталығы мемлекеттік тілде оқыту орталықтарының ұстаздары мен әдіскерлерін, білім министрлігі мектеп, колледж, университеттерді қамтымақ.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.


Вернуться назад