Жаңалықтар

24.06.2019
Үздіктер ұлықталды

«Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қарағанды филиалы жылдағы дәстүр бойынша Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы білім ордаларының үздік түлектерін салтанатты түрде марапаттады.

«Байқоңыр» кешенінде шымылдығы айқара ашылған кештің басты қонақтары Алтын белгі және үздік аттестат иегерлері болды. Туған жерінің мерейін асқақтатып, ата-анасының, ұстаздарының үмітін ақтаған кілең жүйрікті Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов құттықтады.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «әлем экономикасында үлкен өзгерістер орын алуда» деп атап айтқан болатын. Бұл қалыптасып жатқан жаңа экономикада үздік біліммен, бәсекеге қабілетті, ой-қиялы жүйріктер жеңіске жетеді. Білім мен таза ниет, лайықты өмір сүруге деген талпыныстың және Отанға адал қызмет ету арқылы көздеген жетістікке жетерлеріңізге сенім мол. Біз Сіздермен мақтанамыз. Мектеп қабырғасында білім ала жүріп талап танытып, түрлі байқауларда топ жардыңыздар. Алда үлкен сынақтар күтіп тұр.

Жолдарың ақ болсын, мақсатқа жетіңіздер. Жоғары білім алып, ел игілігіне қызмет етіңіздер, – дей келе ақ дастархан басында бас қосқан тоқсан түлекке Қарағанды филиалының Алғыс хаты мен 25 теңге сыйақысын табыс етті. Мұндай игі тілекке Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары З.Ақылбекова, Сәтбаев қалалық мәслихат хатшысы Т.Хмилярчук, Сәтбаев қалалық білім бөлімінің басшысы Б.Ақышбеков, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тау-кен өндірістік кешенінің бас директоры Т.Шайқыбеков қосылды. «Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Жалынды жүректеріңізді еліміздің өркендеуіне арнаңыздар! Біз сіздерге үлкен үміт артамыз, мақтан етеміз!». Салтанат осы тектес ақжарма лебіздерге толды.

Жезқазған, Сәтбаев қалалары дарынды жастарымен, патриот ұл-қыздарымен ғұмырлы, солармен тұғырлы. Аға буын жасаған ізгі істерді дәстүр деп сыйлап, оны заман тынысына лайықтап жаңғыртып, жалғастырып, ертеңгі күнге жеткізуші жастарға зор сенім артылды бұл кеште. Соңында қатар тұрған қос қаланың түлектері жалынды сәлем жолдап, көтеріңкі көңіл толқынын ән арқылы жеткізді.

Мира ШАХАТ.


Вернуться назад