Жаңалықтар

25.06.2019
«Өмірдің де, өнердің де тізгіні қолымда»

Үндінің классикалық биі – ертеден келе жатқан философиялық өнер, онда халықтың бақытты өмір тіршілігі мен құпия сырлары баяндалады. Үнді би өнерінің шебері Бақыт Уәлиева әлемдегі ең күрделі Катхакали, Одисси, Манипури, Кучипуди, Мохиниаттам би өнерінің тілін бір кісідей меңгерген қазақ қызы. Қыр-сырына үңіліп, көпшілікті үнді биіне еліткен Бақыт Жұмағалиқызын әңгімеге тартудың сәті түскен еді.

– Осыдан жиырма жыл бұрын сахна төріне жетелеген қандай сиқыр?

– Уәли атам мен Балқия әжемнің тәрбиесін көп көрген адаммын. Балабақшаға барғаным жоқ. Атам мен әжемнің мектебінде еркін, өжет, арманшыл болып ержеттім. Биші болсам деген ой жанымды ерте баурады. Бала кезімде «Вокруг света» бағдаламасынан түрлі ұлттың биін қызығып көретінмін. Әкем Жұмағали сол кездегі атақты «Арман» ансамблінде өнер көрсетті. Шынболат ағамен қатар жүрді. Сол кезде «Байқоңыр» кинотеатрында үнді фильмдері жүріп жататын. Сабақтан қашып сол жақтан шықпаймын. Шешемнің тамаққа берген тиынын киноға жұмсаймын. «Танцор диско», «Всемогущий», «Маюри» секілді фильмдер мені тәнті етті. Он екі әннен тұратын «Сангам» пластинкасын тауып алып, үнді әндерін жаттап жүрдім. Анам Сәуле аула клубында жұмыс істеді. Бос уақытымда сол жақтан шықпаймын. Сөйтіп үнді биіне құштар ұл-қыздармен таныстым. Татьяна, Мариям секілді фанат қыздар шебер билейтін. Митхун Чакроборти, Рекханың суретін жинап, қабырғамызға іліп қоятынбыз. Осылайша би әлеміне ғашық болып қалдым. Он бес жасымда «Тануй, танцуй» тобын ашып, ауланың қара домалақ балаларына би үйретіп жүрдім. Романтика магнитафоны қолымнан түспейді. Үндінің киносын кассетаға жазып алып, күн сайын жалықпастан тыңдай беремін, тыңдай беремін. Дауыс ырғағын, әр сөзін жаттап алып, айнытпай салатынмын. Кейін бейнемагнитафон пайда болды. Кассета қымбат. Ұмытпасам екі жүз сом-ау деймін. Нағашы ағам Аман Әлімқұловтың сол кезде маған бес бірдей кассета сатып әпергені өнерге деген құштарлығымды одан әрі арттыра түсті.

– Сіз Ташкент театр университетінде білім алыпсыз.

– 1993 жылы оныншы сыныпты бітіргеннен кейін Өзбекстанға жол тарттым. Тоқсаныншы жылдары өзбек режиссері Латифа Фазеевтің «По закону джунгли» деген фильмі шықты. Мен енді ол кісімен кездесуді армандай бастадым. «Фильмс» өзбек журналын тауып алып, редакциясына звандап Өзбек киностудиясының нөмірін алдым. Ақыры атақты режиссермен тілдесудің сәті түсті. Ташкент театр университетінің актерлық бөлімінде білім алуыма Латифа Фазеевтің септігі тиді.

– Тоқсан бесінші жылы «Ұлытау үні» фестивалінде топ жарыпсыз…

– Иә, жазғы каникулда осы фестивалге қатысып, бас жүлдені ұтып алдым. Весовая елдімекенінен көркемөнерпаздар клубынан би үйірмесін ашып, «Танцуй, танцуй» тобының жұмысын жалғастырдым. Тоқсаныншы жылдың аяғында «Көркем» би тобын аштым. Бірақ, репертуарымызда тек үнді биі болды. Шынболат ағаның зайыбы Гүлсара апай арнайы зал берді. 2009 жылы топ атын «Маюри-Девдас» деп толықтырдық. Бақыт құстың нұры деген мағынаны білдіреді.

– Естуімше сіз Үндістанда тәжірибе жинақтап келіпсіз…

– Иә. 2001 жылы Лена Малахова деген құрбыма Тони, Типу деген екі жігіт қонаққа келді. Оларды шақырып, ет асып, ұлттық бұйымдар сыйға тарттым. Олар маған биден кәсіби түрде білім алуға кеңес берді. Алматыдағы Қазақстандағы Үндістан Республикасының Елшілігінде орналасқан үнді классикалық би орталығының директоры және хореографы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақмарал Қайназарованың мектебіне шақырды. Оқу ақысы 100 доллар екен. Қатты оқығым келді. Емтиханнан өтіп, оқуға қабылдандым. Құдайдың бергені шығар, оқу ақысын Тони мен Типу төлеп берді. 2002 жылы Үндістандағы «Каланшетра» мектебінде тәжірибе жинақтап келуіме де көмектесті. Бұл жақсылықты ұмыту мүмкін емес. Маған қанат біткендей болды. Олар өмірлік досым болып қалды.

– Үнді билері Үндістан мәдениетінің ең жарқын элементтерінің бірі ғой. Классикалық би қимылдары мәнге толы дейді.

– Үнді биі классикалық және халықтық деп бөлінеді. Бұл бидің тілін көпшілік түсіне бермейді. Себебі, әр қимыл әртүрлі ойды білдіреді. Әр қойылымның өзіндік шығу тарихы бар. Үнді бишісі көптеген символдар мен сюжеттерді әрбір саусақ бүгуіне және қол қимылына сала отырып, дүниедегі өмірді бейнелейді. Қолдың әр саусағының белгілерімен таныса отырып, үндістер үшін ишараттарды және саусақтар конфигурациясын білу қаншалықты маңызды екендігін түсінесің. Тек қана осы арқылы қолдар басты мағынаға ие. Саусақтар 5 негізгі немесе басты элементті бейнелейді: бұл Ауа – Вайю, От – Агни, Жер – Присви немесе Дхуми, Эфир (кеңістік, аспан) – Акаш және Су – Джала. Үндістанда бұл 5 элементті бірге Панч Махабхут деп атайды. Осы элементтердің әрқайсының өз сипаты, қасиеті бар. Олардың әрбірі белгілі бағытпен және нысанмен, түспен, дәммен, иіспен және үйдің бөлігімен байланысты. Үнді биі терең рухани негізге ие, түп-тамыры мифологияға және дінге бойлайды.
– «Шабыт» фестивалінде көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленгеніңіз есімізде.

– 2002 жылы астанада өткен «Шабыт» фестивалінде бірінші орынды жеңіп алдық. Классикалық үнді биі мен «баливуд данс» жанры бойынша көрерменді таңдай қақтырдық. Жезқазғанда Тәуіржан Рахатұлы ұйымдастырған «Би кеші» конкурсында дипломант атандық. 2003 жылдан бастап топтың атын «Маюри» деп өзгерттім. Азғана үзілістен кейін №7 мектепте би залын аштым. Үнді классикалық биін үйренуге мүмкіндігі шектеулі балалар да қатысты. Арасында аяққа тұрып, жүгіріп кеткендері де болды. Солардың қатарында Дәурен Сейітмағанбетов бар.

– Тойға шақыртулар келіп тұрады ма?

– Ақша үшін той-томалаққа барып, рухани өнердің қасиетін кетіргіміз келмегенмен, мәжбүрміз. Қаржы көзін таба алмай қиналатыным рас. Сондықтан, демеуші іздеп, тойға шығып дегендей тығырықтан шығуға тырысамыз. 2017 жылы Үндістанға барып кастюмдер алып келдім. Биыл құрылғанымызға 20 жыл толуына орай шығармашылық кешімізді өткізіп, концерт бердік. Қайырымдылық жасап, жиырма ерекше балаға тегін билет тарту еттік. Ол балалар енді үйірмеге қатысқысы келіп отыр. Қазір «Қайрат» аула клубында, жертөледе дайындалып жүрміз. Иісі жаман. Суық. Аяқтан сыз етеді. Құрғақ, іші жылы әрі жарық залға қолымыз жетпей жүр. Болашақта би орталығын ашу ойда бар. Оған қаржы жағы қолбайлау болып тұр. Ақша жағы жетіспесе де байқаулардан қалмауға тырысамыз. Биыл Шымкент қаласында өткен конкурста бас жүлдені жеңіп алдық. Топтар арасында екі бірінші, екі екінші, үш үшінші орынды қанжығаладық. Одан бөлек Анар Батырхан секілді жұлдыздар клипқа түсуге ұсыныс жасауда. Қазір жер-жерді аралап, шеберлік сыныбын жиі өткіземін. Тігіншілердің қызметі қымбат тұратындықтан, қажетті киімдерді көбіне өзім тігемін. Биыл топтағы балалар үшін кафетерий аштық. Олар сол жерде жұмыс жасап, бизнестің қыр-сырын қоса меңгеруде.

– Өзіңізді махаббаттың бесігіне бөленген бақытты жанмын деп ойлайсыз ба?

– Махаббат шешуі табылмаған формула. Шешімін тауып, түбіне жеткен жан жоқ шығар. Ол сезімнің көзге көрінбейтін түсініксіз алабұртқан лездік сәті шығар, бәлкім. Мен сүйіп те, сүйікті де болып көрдім. «Махаббат деген желұшық, бір қаққанан қалмайды» демеуші ме еді. Осы тұжырымды құптаған адаммын.

– Өмірден ұтқаныңыз, ұтылғаныңыз бар ма?

– Ұтылған жерім жоқ. Өзіме тиесілі сыбағамды алған адаммын. Өнерім бағаланып, өрісім кеңеюде. «Әттең» деп опық жемедім. Аллаға шүкір.

– Соңғы рет қашан жыладыңыз?

– Өте нәзік, сезімтал адаммын. Кез келген фильмнің аянышты жерінде жылай саламын. Біраз жеңілдеп қаламын. Бұл да дұрыс шығар.

– Әңгімеңізден тым балажан екендігіңіз байқалады. Отбасының мәселелері өнеріңізге кедергі жасамай ма?

– Жоқ. Екеуін бірдей алып жүруге тырысамын. Қызым Феруза төртінші сынып оқушысы. Қамқорлығымдағы Сержан, Ақтолқын, Төреқасым есімді менен тумаса да туғандай болып кеткен балаларымды тәрбиелеп келемін. Олар бүгінде бір-бір оқу орнының студенттері. Барлық істе көмекшім әрі қолдаушым. Отбасында жайлы, жағымды болуға тырысамын. Балалармен сырласып, жан дүниесіне үңілуге ұмтыламын. Құдайға шүкір, қазір олар менің қорғаным, көзімнің ағы мен қарасындай. Алдағы уақытта бар жұмысты осыларға беріп, демалсам ба деймін.

– Сыртқы сымбат үшін ана болу бақытынан бас тартатын бишілер болады деп естиміз. Осы дұрыс па?

– Мұны құптай алмаймын. Әйел болған соң ана болу парыз. Бала сүю бақытынан бас тарту мен үшін түсініксіз. Ондай батылдық қолымнан келмейді. Мықты талант иесі өмірдің де, өнердің де тізгінін берік ұстауы керек. Әйелдік міндетті ұмытпай да биікке шығуға болады.

– Қандай жағдайларда алған бетіңізден қайтпайсыз?

– Намысым оянғанда. Ашық, жұмсақ болғаныммен өз дегеніме келгенде мықтымын. Көздеген мақсатыма жетпей қоймайтын қасиетім бар.

– Қызығы мен қиындығы көп өнер жолында есіңізде қалған сәттермен бөліссеңіз.

– Ақыры Латифа Фазеевпен кездескенім шығар. Он бес жасымда мен ол кісіні іздеп бардым. Жалғыз өзім ата-анама бой бермей жолға шықтым. Жаз бойы базарда қауын-қарбыз сатып, ақша жинап алғанмын. Үлкен қалада адасып жүргенімде бір кісі үйіне шақырды. Қорқу деген жоқ. Жетіп бардым. Көп балалы отбасы екен. Улап-шулап, балаларымен танысып, өзбек тілін үйреніп алдым. Ол кезде телефон деген жоқ. Тек байлардың үйінде болады. Содан көршінің үйінен звандап: «Дедушка Латифа я в Ташкенте» дедім. Ол кісі мекен-жайды айтты. Дауысым аянышты болса керек. Сол кезде бірінші рет метромен жүрдім. Ол жақта қарның ашпайды. Әр көшеде су ағып, әр көшеде жеміс-жидек жайқалып тұрады. Шетінен жеп жүре бересің. Өзбекстанның киностудиясына кіргізбей қойды. Күзетші: «Кімсің?», – дейді. «Я к дедушке пришла», – деймін. «Кто дедушка?», «Латифаның внучкасымын» деймін. «Дәдаң ба?», «Жоқ атам», – деймін. Ақыры Латифа атаны тауып алдым. Екі қабатты үйде тұрады екен. Сыртында аты-жөні жазылып тұр. Үйін аралатып, әртістермен түскен суретін көрсетті. Оқуға шақырды. Құшақ жая қарсы алып, шығарып салды. Содан жарты жыл сайын Ташкентке тартып отыратын болдым. Адасып жүргенде үйін паналатқан Пахтақордағы ағаның отбасымен туыстай болып кеттік. Ташкент сүйікті қалама айналды. Мен бірінші курста оқып жүргенде Латифа ата қайтыс болды. Жетімсіреп, ешкімге керексіз сезіндім өзімді.

– Өнерден көңіліңіз қалып, өзге салаға бет бұруға тырысқан кезіңіз болды ма?

– Ондай кез болған емес. Болмайтын да шығар. Құдайдың маған берген еншісі сахна секілді.

– Өз болмысыңыздағы қандай қасиеттерді бағалайсыз?

– Қиын сұрақ екен. Бойымда сыйлауға тұратын бір қасиет бар болса қанағатшылдығым шығар. Қазақта «қанағат қарын тойғызады» деген аталы сөз бар. Мен Алланың маған берген әр күніне, әр арайлап атқан жарық таңға қуанамын. Қарапайым нәрседен ләззат аламын.

– Сынды қалай қабылдайсыз?

– Сын егер шын болса қуана құптаймын. Әрқашан өзіме айтылған сыннан қорытынды шығаруға тырысамын. Кезінде мен туралы неше түрлі қаңқу сөздерді құлағым шалды. Ондайға мән бермеуге тырысамын. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап», – деген Абай атамның өсиеті әркез жадымда.

– Өміріңізді өзгерткіңіз келмей ме?

– Үнді еліне барып келгелі өміріме өзгеріс енді деп айтуға болады. Өзінің өнерін қатты қадірлейтін халықтың биі жатқан бір тарих. Соны ұмытпай осы күнге жеткізіп, дәріптеуі мені ойға қалдырды. Бір жағынан бұл тәрбие көзі де. Біз де қазақтың би өнерін бағалап, барынша қадірлеп, насихаттауымыз керек. Осы мақсатта 2017 жылы репертуары тек қана ұлттық биден тұратын «Нұр әсем» би тобын аштым. Ақырындап дамытып келемін.

– Ізбасарларыңызға не айтасыз?

– Шәкірттерімнің барлығы балам сияқты. Оң қолым Гүлназ Мұқышева үш баланың анасы. Ботакөз Әкім, Аружан Аманбаева, Ақжол Мейірхаятов, Аманкелді Исаға барлық жұмысты сеніп тапсыра аламын. Оларға «өнердегі өзіңді емес, өзіңдегі өнерді сүй» дер едім.

– Әңгімеңізге рахмет. Жұлдызыңыз жарқырай берсін!

Мейрамгүл САЯЖАН.


Вернуться назад