Жаңалықтар

13.08.2019
Әкім бақылауында

Өткен аптада қала әкімі Асқар Ыдырысовтың қатысуымен брифинг ұйымдастырылды. «AQSHAM» телеарнасының пресс-орталығында шаһар басшысы жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесті.

Тілшілер қауымымен кездесу барысында Асқар Ыдырысов қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері барлық бағытта, атап айтқанда, экономикада, ауыл шаруашылығында, негізгі капиталға құйылған инвестициялар бойынша, құрылыс, шағын кәсіпкерлік және әлеуметтік салада бірінші жартыжылдық көрсеткішінде өсу динамикасы байқалатынын атап өтті. 6 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өнім көлемі 24,4 млрд теңгені құрады. Қала бюджетінің кіріс бөлігіне түскен түсімдер 1716 млн теңгені немесе жоспарға сай 103,8 пайызды қамтыған. Құрылыс жұмыстарының көлемі – 3,8 млрд теңге, 7,9 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліп, өткен жылдың ағымдағы кезеңімен салыстырғанда 34 пайызға артқан.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылғы есеп көрсеткішінен 20 пайызға артып, 285,5 млн теңгені құрады.

Асқар Ыдырысов мұнымен қоса көлемді инвестициялық жобалар жүзеге асырылатынын, атап айтқанда құрылысына 154 млн теңге бөлінген қаладағы 8-ықшамаудан мен батыс және шығыс аймақтарда су тарту жүйесі және дренаж құрылысы турасында айтты. Жобаны жүзеге асыру өз кезегінде 8 ықшамауданды ғана емес, шығыс аймақтағы үйлерді де су басу қаупінен қорғайды. Сонымен қатар, «Шаруашылық-нәжісті тазалау қондырғысын қайта қалпына келтіру» жобасының құжаттары дайындалуда.

– Экономикалық көрсеткіштерді айтқанда, құрылыс саласын тыс қалдыруға болмайды, – деді Асқар Ыдырысов.

2-3 жылдың ішінде «Нұрлы мекен» жаңа шағынауданы бой көтерді. Биылғы жылы коттедж қалашығының құрылысы аяқталды (214 коттедж). 56 пәтерлік үй мен Оқушылар сарайының құрылысы аяқталу кезеңінде тұр. Жезқазған кентінің тұрғындары үшін 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде, олардың 3-еуін 2019 жылы қолданысқа беру көзделген. 1,5 миллиард теңге көлеміндегі сома жетіспеушілігі республикалық бюджеттен бөлінген жағдайда, барлық бес үй жыл соңына дейін беріледі.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша Сәтбаев даңғылында 18 пәтерлі үшқабатты үйдің құрылысы және Шаталюк көшесіндегі 60 пәтерлі үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Қаламыздағы келелі мәселелердің енді бірі – жолдардың жай-күйі мен абаттандыру. 2017 жылдан бастап жол жөндеу көлемі екі есеге артты, автожолдардың жағдайы асфальтбетон жабындысын шақпатасты-мастикалық асфальтбетон қолданысын енгізу технологиясын пайдалану нәтижесінде 32,2 пайыздан 70 пайызға дейін жақсарды. Аталған технология жол жабынының құрылысы мен оған кететін шығынды 2-4 есеге дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылы 3 және 7 ықшамаудандарды абаттандыру жұмыстары басталды. Бұл бағдарлама аясында жол жүру бөлігін кеңейтумен жаңа жиектастарды орнату және көлік қоятын орын құрылысы, сондай-ақ жол жабынын асфальттау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін 40 ойын алаңы жөнделіп, 10 жаңа алаң орнатылады.

Жеңіс саябағын қайта қалпына келтіру бойынша конкурс аяқталу кезеңінде тұр. Жақын арада мұнда жиектастар мен тас төсеуіштерді ауыстыру, жасыл аймақты қалпына келтіру, субұрқақ құрылысы мен монументті абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Шаһар басшысы өз баяндамасында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында алғаш рет 50 орынға шақталып салынған «Айбол» балабақшасын тілге тиек етті.

Жалпы қаланы дамытудың барлық бағытында жоспарланған жұмыстар уақытылы әрі тиімді атқарылуда.

Владимир Романьков, «AQS-HAM» телеарнасы: «Кәсіпкерліктің экономика драйвері екендігін білеміз. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында қаламызда қандай жаңа жобалар бар және қай жобалар жүзеге асырылады?

– Жыл сайын қала жаңа кәсіпкерлермен толығады, біздің мақсатымыз – бизнес үшін өте тиімді жағдайлар жасау. «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында екі жоба мақұлданды. Олар – «Ахтямов Р.» шаруа қожалығының «Құс фабрикасын кеңейту. Қасап цехын ашу» және «Эберман А.В.» ЖК «Triksat» тоқыма цехын кеңейту» жобалары. Бірінші жоба туралы айтар болсақ, Ринат Ахтямов етті бағыттағы құс фабрикасын және жылына 5 мың тонна құс етін өндіру қуатына ие қасап цехын іске асыруға ниетті. Бұл Жезқазған аймағын құс етімен толық қамтитын болады.

Қаланы жыл бойы ыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін индустриалдық парк аумағында жоспарланған «Газтурбиналық станцияның құрылысы» жобасын іске асыру қарастырылуда. Қазіргі таңда жобаны жүзеге асыру үшін «Қазақмыс Энерджи» ЖШС-мен жобалық құжаттары әзірленуде.

Ізтай Белгібай, «Sharaına»: «Қазіргі таңда көпбалалы аналарға ерекше көңіл бөлінуде. Аталмыш мәселе біздің қалада қалай шешіліп келеді?

– Үкімет тарапынан көпбалалы аналардың жағдайына баса назар аударылуда. Мұны 30 пәтерді алуға республикалық бюджеттен бөлінген 225 млн теңге айғақтайды. Қазіргі уақытта конкурстар өткізілуде. Мамыр айында 5 баласы бар отбасыға 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған болатынбыз. Сондай-ақ, қосымша 12 пәтер алуға конкурс жарияланды.

Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап 800 көпбалалы анаға қоғамдық көлікте тегін жүруін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 11 млн теңге бөлінді.

Жаңа оқу жылынан бастап көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан 1 мен 9 сынып аралығындағы 873 оқушы ыстық тамақпен қамтылады. Бұдан өзге қала бюджетінен 221 анаға әлеуметтік көмек беруге 10,6 млн теңге қарастырылған. Бұл да атқарылған жұмыстардың бір парасы. Менің ойымша, шынайы қамқорлық көрінісі.

Нурия ИЛЬЯСОВА, «Sharaına»: «Денсаулық сақтау саласы қала тұрғындарының үнемі бақылауында тұрғанын әлеуметтік желі қолданушыларының арыз-шағымы дәлелдей алады. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүруде?

– Қаланың шеткі аймағында отбасы-дәрігерлік амбулаториялардың жетіспеушілік мәселесі болды. Сол себепті шаһардағы шығыс аймақ тұрғындары үшін Медицина орталығы клиникалық ғимаратында 3800 адамды тіркеу арқылы қосымша екі учаске ашуға шешім шығарылды. Сондай-ақ, жедел жәрдем бөлімі қалалық емхана ғимаратына орналастырылды. Мұнымен қоса емханада 4-санаттағы шақыртулар үшін жедел жәрдем бригадасы құрылды. №1 орталық ауруханада мемлекеттік-жекелей серіктестік аясында гемодиализдік орталықты ашу бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық бюджет есебінен жұқпалы аурулар бөлімі күрделі жөндеуден өтуде, шатыр, перзентхананың қасбеті жөндеу көруде. 2020 жылы бас корпуста жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Жас мамандар мен дәрігерлерді тұрғын үймен қамту өзекті мәселенің бірі болып отырғанын атап өткім келеді. Бұл проблеманы шешу мақсатында Наурыз көшесі 148 (16 пәтер) орналасқан үйдің апаттық жағдайдағы дәлізін қайта қалпына келтіріп, денсаулық сақтау саласының жас мамандарына беру үшін қалалық әкімдікпен аталған үйді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының балансына беру ұйғарылды. Әрине, бұл салада ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс. Біз қиюы келіспеген мәселелерді шешетін боламыз.

Абдолла Дастанов, «Вечерний Сатпаев»: «Спорттық-сауықтыру кешеніне қарасты футбол алаңы жабусыз күйде қалды. Манеж қашан қайта қалпына келтірілетінін айтып өтсеңіз?»

– Биыл ауа-райының қолайсыздығына байланысты манеждің жабындысын шешуге тура келді. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалды. Қазір осы саладағы мамандармен жөндеуге кететін шығын есептеліп, мердігерлермен байланыс орнауда. Ағымдағы жылдың күзінде бұл мәселені шешіп, футбол алаңын қолданысқа беру жоспарлануда.

Нурия Ильясова, «Sharaına»: «Тұрғындар қала көшелеріндегі жасыл желектің мардымсыз суарылуына байланысты сын-ескертпелер қалдырып жатады».

– Биыл суару жұмыстарымен Сәтбаев сумен, жылумен жабдықтау кәсіпорны айналысады. Сол үшін кәсіпорында жеке қызмет құрылды. Жөндеу жұмыстары жүргізілді, қазір барлық суару жүйелері қалыпты жағдайда жұмыс жасауда. Әрине, кілтипан бар, бірақ бұл адами факторлар. Мұны шешеміз. Биылғы жылы Абай, Мәңгілік Ел кошелері мен Тәуелсіздік даңғылы бойындағы суару жұмыстары әлдеқайда жақсарғанын айтқым келеді. Барлық жерде суару жүйесі жүйелі жұмыс істеп тұр, тек оны дер кезінде қосу керек. Бұл сұрақ менің жеке бақылауымда болады.

– Қатты-тұрмыстық қалдықтарды шығаруға ойыссақ…

– Қатты-тұрмыстық қалдықты шығарумен «Сәт-Тазалық» ЖШС айналысады. Бұрын контейнер алаңын бір компания тазаласа, қатты-тұрмыстық қалдықты жинау өзге компанияның үлесінде болған. Арадағы болған даудамайдан кейін, биыл тек бір компанияның жинап, тасымалдағанын жөн деп шештік. Лайықты техникалары бар.

– Қоқыс жәшіктерін күтеміз бе?

– Контейнерлерді жақын арада жеткізуі тиіс.

– Атаулы әлеуметтік көмекке көп көңіл бөлінуде. Президент те, облыс басшысы да бұл көмекті тек мұқтаждарға беру керектігін ескертті. АӘК-ті беру бізде қалай жүргізілуде?

– Иә, бұл бағытта біз де ауқымды жұмыстар атқарудамыз. Жақында облыс әкімі Ерлан Қошанов жиын өткізіп, бұл жұмыстағы кемшіліктерді атаған еді. Қаламыз бойынша атаулы әлеуметтік көмектің дұрыс тағайындалмаған екі фактісі тіркелді. Мұндағы тәртіп – өз еркіңмен қайтарасың немесе сот арқылы өндіріп алу. Егер адамның барлық критерийлері сай келсе, көмекті алуы керек. Алматы қаласының өзінде адамдардың өте қымбат коттеджде өмір сүріп, АӘК алғандығы туралы айтылды. Мұндай фактілер мүлдем орын алмауы қажет.

– Владимир Романьков, «AQS-HAM» телеарнасы: «Біз Мәңгілік Ел көшесінің Арбатқа айналып келе жатқандығына куә болып келеміз. Арбатта гитарада ән салғысы келетін жастар көбейіп келеді. Мұнда гитарамен кешкісін шығып, ән салуға қандай да бір рұқсат керек пе?

– Расымен де Арбаттың ашылуы біздің шаһарымыз үшін жарқын оқиға болды. Өздеріңіз көргендей, көше толықтай жөндеу көрді: орындықтар орнатылды, кішігірім архитектуралық мүсіндер осында орын тапты. Арбат жастар тоғысатын орталыққа айналды. Мәдени-сауық орталығы апта сайын осы жерде талапты жастарға арнап түрлі шаралар өткізуде. Осы мақсат үшін де Арбат ашылған еді. Біз әрқашан шығармашыл жастарды қолдаймыз.

Болашақта біз Арбат бойында шоғырланған бизнес нысандары арасында ең үздік абаттандырылған аймаққа конкурс ұйымдастыруды көздеп отыр-мыз. Сауда орындарының иелері өз дүкендерінің алаңқайларын көгалдандырып, оны ерекше етуге құлық танытуы тиіс. Үлкен қалаларда келушілерді тарту үшін сауда нүктелерінің алды жарықтандырылып, түрлі мүсіндер қойылып жатады. Бұл көше тұрғындардың демалып, ләззат алуы үшін қолайлы болуы тиіс.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.


Вернуться назад