Жаңалықтар

23.08.2019
Ата-анамыз аман болсын

Мен Қозыбаева Айкелбет Қайратқызымын. Менің атымды мамамның жеңгесі қойыпты. Өзіме қатты ұнайды, өте ерекше есім. Ай сияқты биік болсын, жарық болсын деген ниетпен осылай атаған.

Мен өз отбасым туралы айтқым келеді. Үйдің үлкенімін, артымнан ерген екі інім бар. Әмірлан інім әлі жасқа толған жоқ. Тәп-тәтті қылықтары енді шығып келе жатыр. Ал, Данияр інім он екі жасқа толды. Өте зерек, ақылды, сабағын да жақсы оқиды.

Біздің әкеміз Қайрат Қозыбаев Жомарт кенішінде жұмыс істейді. Папамыз өте ақкөңіл, балажан, мейірімді жан. Он бес күн бойы жұмыстан бізді сағынып келеді. Есіктен кірісімен бізді мойнына отырғызып еркелетеді. Бізді «Әкем-ау» деп жақсы көреді. Мен папамның ауыр жұмыс істейтінін жақсы білемін. Сондықтан, ол кісі үйде болғанда көбірек көмектесуге тырысамын.

Мамам Гүлжанат бір үйдің жалғыз, ерке қызы болып өскен. Қазір де нағашы атам мен әжеме еркелейді. Папам да маманы еркелетіп «Гүлапа» дейді. Мамамыздың мінезі шынымен де бала сияқты, тез ашуланып, кішкентай балалар сияқты бұртиып қалады. Ал, қуанса бала сияқты бар көңілімен қуанады. Әжем анам туралы «Көңілі түссе көл қылады, көңілсіз болса, шөл қылады» дейді. Мен осындай ата-анамның болғанына қуанамын.

Ата-анамыздың қасында көңіліміз тоқ, көйлегіміз көк болып өсіп жатқанымыз бейбіт өмірдің арқасы деп білемін. Әжеміз «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деп жиі айтады, барлық қазақ елінің тілегі осындай деп білемін.

Өзім туралы айтатын болсам, менің жасым он бесте. Жезқазған гуманитарлық колледжінің екінші курсына өттім. Сабағым өте жақсы. Бұйырса бастауыш сынып мұғалімі болып шығамын. Өзіме ұстаз болған ұнайды. Ата-анамыздың арқасында бақытты бала болып өсіп жатырмыз. Біздің әр жетістігімізге қуанатын, тілеуімізді тілейтін ата, әжелеріміз бен ата-анамыз аман болсын, өмір жастары ұзақ болсын деп тілеймін.

Ал, біз сондай жандардың ізін басып иманды, ақылды ұрпақ болып өсуге тырысамыз.

Айкелбет Қозыбаева.


Вернуться назад