Жаңалықтар

10.09.2019
«Қазақмыс» барысы-2019» анықталды

Өткен аптада жер астынан кен қопарған кеншілер мен кәсіпорын қызметкерлері арасында «Қазақмыс» барысы» атағы сарапқа салынды. Өндіріс орындарында еселі еңбек етіп жүрген азаматтардың арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл байқау кеншілер күні қарсаңында өткізіліп, жергілікті дүйім жұртты дүбірге бөлеп тастады.

Қазақ күресінің дамуы қазақ халқының тамырын тереңге жайған тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі басқосулар мен мерекелік тойлар спорттың осы түрінің сайыстарынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен балуандар халықтың төбесіне тұтар құрметті адамына айналған. Бүгінде бұл жекпе-жек еліміздің әр өңірінде кеңінен өріс алып, көпшіліктің қызығушылығын тудыратын бұқаралық спортқа айналуда. Қызығы, осында қазақ күресінен өтетін «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» сынды мемлекет деңгейіндегі мұндай турнирлердің қатарын жуырда «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жалғады. Тамыздың 22-23 аралығында жоспарланған балуандар байқауы қаламыздағы «Қазақстан» спорттық-сауықтыру кешенінің бокс залында өтті. Жарыстың ашылу салтанатында құрметті қонақтар жиналғандарды кеншілер мерекесімен құттықтап, сайдың тасындай іріктелген балуандарға сәттілік тіледі. Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина күрестің атасы Қажымұқандай батыр бабаның ізін жалғаушыларға ризалығын білдіріп, төл спортты төрге оздырған ұйымдастырушыларға зор алғысын жеткізді.

Турнирге қатысуға барлығы 90 балуан өтініш білдірген. Үш салмақ дәрежесіндегі (70 кг дейінгі, 70 кг-нан жоғары, 90 келіден жоғары) белдесулер жарыстың алғашқы күнінде-ақ көрігін қыздырды. Қатысушылар да аянып қалмады. Бар ерік-жігерін, бойдағы күш-қуатын жұмсап, бозкілемде белдесті. Балуандар қазақ күресінің ережелеріне сай, қарсыласын жығуда түрлі әдіс-айласын іске асырды.

– Мен «Абыз» кенішінде проходшы болып еңбек етемін. Кен саласында 15 жылдан артық уақыт жұмыс жасап келемін. Күреспен он жылдай жаттығып жүрген соң, осы турнирге қатысуға шешім қабылдадым. Кеш болса да күрестің осы түріне жаттығып жүрмін. Жетістіктер көп емес, алайда облыстық, аудандық спартакиадалардан жүлделер бар. 90-нан жоғары салмақта 30 балуан өтініш берген екен. Жеңіске дәмелімін. Мұндай байқаудың өткені жақсы. Сөзсіз, ынталандырады. Жарыс дәстүрге айналса, міндетті түрде қатыса беремін – деді балуан Орынбай Наурызбаев.

Ақтық мәреге жауырыны жерге тимеген 12 балуан өтті. Олардың ішінде үш салмақ бойынша жеңімпаздар анықталды. Түйе балуандар арасында «Қазақмыс» Барысы-2019» белбеуіне «Қазақмыс Мэйкер» ЖШС кеншісі Еркебұлан Әбентегі лайықты деп танылды. Жеңіс тұғырынан көрінген балуандарға ұйымдастырушылар атынан диплом мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

– Бүгінгі турнир өте сәтті аяқталды. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға алғыс шексіз. 90 келіден жоғары салмақта чемпион атанып, елдің ыстық ықыласына бөленіп отырмын. Мықты қарсыластарым болды, күштері мығым. Алайда, түрлі әдістермен өз айламды асырып отырдым. Мұндай жарыстар жалғасын таба берсе, қазақ күресі қазақстандықтардың жаппай айналысатын спорт түріболмақ, – деді Еркебұлан Жаңбырбайұлы.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.


Вернуться назад