Жаңалықтар

28.11.2019
СЕНІМГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН

Елімізде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылу үстінде. Соның бірі – «Адалдық дүкенін» ашу бастамасы.

Аталмыш бастаманы қолдағандардың қатарында біздің қала да бар. Медицина мамандарын дайындайтын «Денсаулық» және кәсіптік білім беретін Индустриалдық колледжінде адалдық аймағының ашылуына жастар ресурстық орталығы және «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты ұйытқы болды. «Адалдық дүкенінде» оқытушылар мен студенттер өздеріне қажетті заттарды алып, алынған тауар үшін ақшаны кассалық жәшікке қалдырып, есеп айырысатын болады. Яғни, дүкенде сатушы жоқ, затты сатып алушылар өз-өзіне қызмет көрсетеді. Сауда орнының басты ерекшелігі де осында.

Мұндай жобаны жүзеге асыру жастардың тәрбиесі мен адалдығын арттыруға бағытталып отыр. Осылайша, бұл мекен студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін шыңдайтын орынға айналмақ. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға әсер ететін нысан болып табылады. Адалдық аймағына жиналған студенттер мұндай орынның ашылуына таңдана қарап, артылған сенім ақталады деп сендірді. «Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін өз үлесімізді осы адалдық дүкені арқылы қосуға мүмкіндік аламыз», – дейді олар.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.


Вернуться назад