Жаңалықтар

29.11.2019
Жас каратэшілер жеңісі

Қаламыздағы спорт мектебінің тәрбиеленушілері үздіктер қатарынан көрінді. Мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебінің жас спортшылары Нұр-Сұлтан қаласында өткен турнирде жүлделі орындарға ие болып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды қанжығаларына байлады.

Қараша айының 16-17 аралығында ел астанасында өткен киокушинкай-кан каратэден балалар мен жасөспірімдер және қыздар арасындағы «ARAIOV DOJO» атты ашық турнир сәтбаевтық өрендер үшін олжалы болды. Жас каратэшілердің тартысты кездесулері нәтижесінде жерлестеріміз жүлделі орындар иеленіп, қала намысын абыроймен қорғады. Мәселен, Кәусар Төлеубай, Кәусар Шынболат, Айбол Ахметжан үшінші орынды иеленсе, Бекарыс Мансұр, Балжан Төлеубек, Сардар Ибрагим, Асылхан Құланбаев, Әсет Біліс түрлі салмақ дәрежесінде жекпе-жекке шығып, екінші орыннан көрінді. Ал, №19 мектеп-лицейінің оқушысы Дәуіт Батыршаев 50 келі салмақта үздік өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Осылайша жалпыкомандалық есепте (Жезқазған, Сәтбев, Қарсақбай) Жезқазған аймағы 1 орынға ие болды.

Турнирге елдің әр өңірінен 400-ге жуық спортшы қатысқан. Жас спортшылардың жеңіс тұғырынан көрінуіне бапкер-жаттықтырушылар Қуатбек Тоқтыбаев пен Мәди Мұқатайдың еңбегі еселі.

Әли МҰҢАЙТПАС.


Вернуться назад