Жаңалықтар

23.01.2020
Заң күшейтілді

Мас күйде жол апатына себепші болғандарға қатысты Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер жуырда күшіне енді. Мұндай қатаң шараға баруға елдегі жол апатының азаймай тұрғаны, әрі апаттың басым бөлігі мас күйдегі жүргізушілердің кесірінен болатындығы себеп болды. Осы ретте Мемлекет басшысы маскүнем жүргізушілерді түрмеге қамап, көлік жүргізу құқығынан мүлде айыру жөніндегі ұсыныс айтқан еді…

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы ресми БАҚ-та 2019 жылдың 31 желтоқсан күні жарияланды және үстіміздегі жылдың 11 қаңтарынан бастап күшіне енді. Құжатқа сәйкес, ҚР ҚК-нде енді 345-1-бап (Алкогольдік, есірткілік немесе масаң күйде көлік құралын басқарған адамның жол қозғалысы немесе көлік құралын басқару ережелерін бұзуы) пайда болды.

Жуырда қалалық полиция бөлімінің мәжіліс залында қала прокурорының орынбасары Шыңғыс Нұрдәулетов пен қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендинаның қатысуымен алқалы жиын өтіп, онда осы өзгерістер жан-жақты сөз болды. Жиынды қалалық полиция бөлімінің бастығы Асхат Дүйсембеков ашып жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тергеу бөлімшесі бастығының орынбасары Тахир Дүйсембаев, әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Қуаныш Әбішев және Сәтбаев қаласының көші-қон қызметінің аға инспекторы Данияр Мұсабеков егжей-тегжейлі түсінік берді.

Аталған баптың талаптарына сәйкес, адам денсаулығына абайсызда ауырлығы орташа зиян келуіне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы үшін 1 000 айлық есептік көрсеткіш (2 651 000 теңге) көлеміне дейін айыппұл салу немесе дәл сол мөлшерде түзету жұмыстарын жүргізу, не болмаса 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бір жылға дейін бас бостандығын шектеп, дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыра отырып, көлік жүргізу құқығынан 10 жылға дейін айыру арқылы жазаланады.

Адам денсаулығына аса ауыр зиян келтірген жол-көлік оқиғасы үшін жүргізушілерге 3 000 АЕК (7 953 000 теңге) көлеміне дейін айыппұл салу не дәл сол мөлшерде түзету жұмыстарын жүргізу, не болмаса 1 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту не 3 жылға дейін бас бостандығын шектеп немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыра отырып, көлік жүргізу құқығынан 10 жылға дейін айыру жазасы тағайындалады.

Абайсызда адам өліміне әкеп соққан дәл сол әрекет 7 жылға дейін бас бостандығын шектеп немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыра отырып, көлік жүргізу құқығынан 10 жылға дейін айыруға әкеп соғуы мүмкін.

Абайсызда екі және одан көп тұлғаның өліміне әкеп соққан мас күйде көлік жүргізу әрекеті үшін айыпты 7 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалып, көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылады.
ҚР ҚК-нің 346-бабына (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) да өзгерістер енгізіледі.

11 қаңтардан бастап бұл құқықбұзушылық үшін 200 емес, 5 000 АЕК (13 255 000 теңге) айыппұл салынады немесе 5 жылға дейін түрмеге қамалып, көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылады.
Көлік құралдарының, жүктердің, жол мен басқа да мүліктің бүлінуіне әкеп соққан дәл сол әрекет және адам денсаулығына жеңіл зиян келтіру 4 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырып, көлік басқару құқығынан өмір бойына айыруға әкеп соғуы мүмкін.
Адам денсаулығына орташа зиян келтірген жағдайда 5 жылдан 7 жылға дейін түрмеге қамап, көлік басқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалады.

Адам денсаулығына ауыр зақым келсе 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылып, көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылады.

Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жағдайда 7 жылдан 9 жылға дейінгі мер-зімге түрмеге қамалып, көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылады.

Абайсызда екі не одан көп адамның өліміне әкеп соққан әрекет үшін 8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылып, көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылады.

Қысқасы, қазір сау жүргізуші үшін де, ішімдік ішіп көлік тізгіндегендер үшін де бір ғана норма бар. Егер қолданыстағы заңнама алкогольдік мас күйінде көлік тізгіндегендерді екі жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыруды не 40 тәулікке дейін қамауға алуды қарастырса, енді олар бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады және он жылға дейін жүргізуші куәлігінен қағылады. Жол апаты салдарынан адам қаза болған жадайда жеті жылдан он жылға дейін түрмеге қамалып, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылады.

Енді бұрын қандай да бір себеппен жүргізуші куәлігінен айырылса да, мас күйінде рөлге отырған азамат та көлік тізгіндеу құқығынан мәңгіге айырылады. Сондай-ақ, масаң күйде ұсталған жүргізушілердің 30 тәулікке қамалуы да мүмкін.

Мал ұрлайтындардың да жазасы Заңда күшейтілген. Қала прокурорының орынбасары Шыңғыс Нұрдәулетовтың айтуынша, «статистика бойынша ұрлық бойынша істердің көбісі татуласумен аяқталып жатады. Сондықтан, осы қылмыс түрімен күресті күшейтіп, жауаптылықты қатаңдату керек» дейді ол. Бұдан былай бұл қылмыста «теріс қылық» пен «орташа ауыр қылмыс» деген анықтама болмайды. Заңға сәйкес, қомақты айыппұл мен 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ірі мөлшерде адамдар тобымен алдын-ала сөз байласып жасалса, 7 жылға дейінгі жаза болады. Бірнеше рет бұзып кіргені үшін – 10 жыл. Аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса, 12 жыл бас бостандығынан айыру көзделген.

ҚР көші-қон саясатын одан әрі жетілдіру және еліміздің имиджін жақсарту мақсатында Мемлекет басшысы халықтың көші-қон туралы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу құжатына қол қойған болатын. Бұл өзгерістер де жаңа жылдың 10 қаңтарынан бастап күшіне енді. Яғни, бұдан былай жаңа ереже бойынша «шетелдіктерді тіркеу» ұғымы алынып тасталады. Жиында қалалық көші-қон қызметінің аға инспекторы Данияр Мұсабеков осы және өзге де өзгерістер жайында мәлімдеді.

Оның айтуынша, ендігі жерде кез келген шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ тұлғалар Қазақстан аумағына кірген кезде ішкі істер органдарына тіркеуге алыну міндеттемесінен босатылады. Яғни, бұл міндеттемені жеке немесе заңды тұлға ретіндегі шақырушы тарап өз жауапкершілігіне алады. Сондай-ақ, паспорт, жеке куәлікке қосымша көші-қон тіркемесі де айналымнан кетеді, есесіне шетелдіктер біздің еліміздің аумағына кірген сәттен шекара қызметі оларды бірден тіркеуге отырғызады. Осы тіркеу 30 күнтізбелік тәулік аралығында заңды күшінде болады. Шақырушы тарап (қонақ үй әкімшілігі, осында тұрақтаған туыстары, таныстары) шетелдік азаматтың келгені туралы 3 тәулік аралығында жауапты орган – көші-қон қызметіне хабарлау қажет. Бұл хабарлама үш түрлі тәсілмен жүзеге асырылады: біріншіден, көші-қон визасы порталы арқылы, екіншісі, электрондық үкімет порталы арқылы, үшіншіден, көші-қон қызметіне келіп арыз жазу арқылы.

Сонымен шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ тұлғалар Қазақстан аумағында 30 тәулік бойы тіркеусіз жүріп-тұруға құқылы. Осы мерзім аяқталған соң сырт елдің азаматы жұмысқа орналасу, оқу, туризм, емделу, басқа да қажеттіліктерімен қалғысы келсе, уақытша мекендеуге рұқсат алу (бұған дейінгі «тіркеу мерзімін ұзарту» да алынып тасталады) шарты бойынша жүріп-тұра бермек. Ал шақырушы тарап шетелдіктің әрі қарай қалуына рұқсат алуға міндеттеледі. Тек жұмыс істеуге қалған шетелдік ай сайын мемлекетке 2 АЕК көлемінде салық төлеп отыруы қажет.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген автор.


Вернуться назад