Жаңалықтар

13.02.2020
Салықтан кімдер босатылды?

2020 жылдан бастап микро және шағын бизнес субъектілері үш жылға табыс салығынан босатылады. Бірінші вице-премьер, қаржы министрі Әлихан Смайылов Қазақстан Президентінің тапсырмасы аясында кімдер табыс салығынан босатылмайтынын өткен жылдың аяғында айтқан болатын. «2020 жылдың басынан бастап арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықтан үш жылға босатылады. Жер қойнауын пайдаланушылар, акциздік өнім өндірушілер, ойын бизнесі, сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары босатылмайды», – деп мәлімдеген еді Смайылов үкімет отырысында. Осы ретте біз Сәтбаев қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Мылтықбай Серікбаевқа жолығып, ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндеттер туралы» Кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулар жайында сұхбаттасқан едік.

– Мылтықбай Қордабайұлы, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында микро және шағын бизнестің барлық субъектілерін үш жылға табыс салығынан босату туралы тапсырма берген болатын. Қандай кәсіпорындар салықтық жеңілдікке ие болды?

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар заң жобаларына өзгертулер енгізді. Бұл өзгерістер салық заңнамасын айналып кетпеді. 2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап шағын және орта кәсіп иелері үш жылға салық жүктемесінен босатылды. Енді кәсіпкерлер 2023 жылға дейін салық төлемей, тексерістен арылады. Сондай-ақ, шағын бизнесті тексеруге тыйым салынды. Осы кезеңде мемлекет кәсіпкерлерге өте ыңғайлы жағдайлармен жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Шағын бизнесті қолдау кәсіпкерлердің іс-қимылын жеңілдетіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Президент бизнестің бақылаусыз қалмайтынын айтқан болатын. Заңдағы жаңа өзгерістер жеке кәсіпкерлерді табыс салығынан, әлеуметтік салықтан сонымен қатар, бірыңғай жер салығынан босатып отыр. Атаулы жеңілдік Қазақстанда жеке іспен айналысатын 1,2 млн жеке кәсіпкердің ісін дөңгелетуіне жол ашты. Осылайша жеке кәсіпкерлер 380 млрд теңге үнемдеп, өз ісін дамытуға мүмкіндік алып отыр.

Салық Кодексінің 685 бабының 1-ші және 2-ші тармағына сәйкес, шағын бизнес субъектілері үшін белгіленген шарттарға тек 32 бағыт енді. Атап айтсақ сылақ, ағаш және ағаш ұстасы, едендерді жабу және қабырғаларды қаптау, сырлау және шынылау жұмыстары, такси қызметі, көлігімен жүк тасымалдау, сыйақы үшін немесе шарттық негізде жылжымайтын мүлікті басқару, фотосурет саласындағы қызмет, аударма (ауызша және жазбаша), мүліктік жалдау, ойын-сауық және спорттық құралдарды, бейнежазбалар мен дискілерді, өзге де жеке тұтыну заттарын және тұрмыстық тауарларды, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жалдауға (жалға алуға) беру, бос уақытты ұйымдастыру мамандарының спорттық білім беру және білім беру, мәдениет саласындағы, қосымша білім беру қызметтері, компьютерлер мен перифериялық, коммуникациялық жабдықтарды, жеке тұтыну және тұрмыстық тауарларды жөндеу, шаштараз, маникюр және педикюр, ветеринарлық қызметтер, жер учаскелерін өңдеу, тұрғын жайларды жинау және үй шаруашылығын жүргізу бойынша қызметтер, базарларда, вокзалдарда тасымалдаушылардың қызметтері, музыкалық аспаптарды жасау және жөндеу, үй жануарларын бағуды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер қолдануға құқылы.

Кедендік тексеріс, кезікпе салық тексерісі, қылмыстық іс аясында және салық төлеушінің өтініші бойынша өз қызметіне қатысты жүргізіліп жатқан тексерістер қала береді. Сонымен қатар, министрлік 2020 жылы салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында салық төлеушінің электронды әмиянын енгізді. Әлихан Смайылов шағын бизнесті салықтан босатсақ, 2020 жылы ел бюджеті 200 миллиард теңгеден қағылатынын мәлімдеген еді. Салық заңнамасына сәйкес, 15 адам жұмыс істейтін және жылдық табысы 30 мың АЕК-ке дейін немесе 76 миллион теңгені құрайтын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар микробизнеске жатады. Ал, 100 адамға дейін жұмысшысы бар, жылдық табысы 300 АЕК-ке дейін немесе жылына 757 миллион теңге болатын ұйымдар шағын бизнес саналады.

– Барлық кәсіп иелері фискалды жады бар бақылау кассалық аппаратын орнатуға міндеттелді. Бүгінгі таңда қала бойынша осы талап қаншалықты деңгейде орындалуда?

– Биылғы жылдан бастап бақылау кассалық аппаратына көшудің аяқталуына байланысты салық төлеушілер фискалды жады бар бақылау кассалық аппаратын орнатуға міндетті. Бұл міндеттен интернет желісі қол жетпейтін жерлердегі салық төлеушілер ғана босатылады. Өткен жылы толықтай түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 8000 бақылау кассалық аппаратын орнату қажеттігі туындаған болатын. Осы сұраныстың 95 пайызы орындалды деп толықтай айта аламын. Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап шаруа немесе фермер қожалықтары үшін бірыңғай жер салығы алынып тасталды. Яғни, бұрын жер салығын жер гектарының көлеміне байланысты төлейтіндер жады бар бақылау кассалық аппараттарын орнатып, кіріс көлеміне қарай (шығыс есептелмейді) 0,5 пайыз мөлшерінде ғана есеп айырысады. Бұл салықтан ойын автоматтары, бильярд үстелдері және ойынға арналған дербес компьютерлер босатылатын болады. Міне, осындай маңызды өзгерістерді енгізудегі басты мақсат – онлайн режимде кассалық аппараттан өтетін барлық операцияларды бақылау, заңсыз ақша айналымының алдын алу.

– Оңтайландырудың ұтымды тұсы қандай?

– Салық төлеуші үшін өте ыңғайлы. Себебі, бұған дейін қаржысынан қағылса, алдағы үш жылда үнемдеп, кәсібін одан әрі дөңгелетуге мол мүмкіндік алады. Бұл біріншіден. Екіншіден, сол кәсіпкерлердің мәдениеті арта түспек. Алғашқыда бұл өзгеріс таңсық болғанымен, кейіннен түсіндіру жұмысының жан-жақты жүргізілуі нәтижесін берді. Сөз соңында айтайын, әрбір тұтынушы сауда орындарында, дүкендерде түбіртек талап етуге міндетті. 2019 жылы біз «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал» акциясын өткізген болатынмыз. Осы шара арқылы түбіртек бермейтін сауда орындары анықталды. Осындай кемшіліктерді болдырмай, алдын алу жолында бұл жаңашылдықтардың пайдасы зор.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Алтынгүл ТөЛЕГЕНОВА
Сурет автордікі.


Вернуться назад