Жаңалықтар

26.03.2020
Жауапкершілік бәрімізге ортақ

Дүйім дүниені дүрліктірген коронавирус әлемдік деңгейдегі ең өзекті мәселеге айналып барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл індетті пандемия деп жариялағаны мәлім. Осыған байланысты мемлекет басшысы Қ.-Ж.Тоқаев бүкіл Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялады. Апта басында қалалық әкімдіктің бөлім басшылары бұқаралық ақпарат құралдарына арнап брифинг ұйымдастырды. Қалалық «AQSHAM» теларнасының пресс-орталығында өткен жиынға Сәтбаев қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гаухар Жалмурзина, білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Зухрап Дауымбаев, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш қатысып, шаһардағы сақтық шаралары жайында әңгімеледі.

Гаухар Жалмурзина аталған қауіпті індеттің алдын алуға байланысты санитарлық жұмыстар жүргізіліп жатқандығын алға тартып, қауіпсіздік шараларын қатаң жүргізу қажеттігін айтты.

– Қала көлемінде коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Туберкулезге қарсы диспансерде қадағалау провизорлық бөлімі ашылған. Бүгінгі күнде онда екі адам бар. Олар коронавирус анықталған азаматпен бір ұшақта ұшып келгендіктен, бақылауға алынды. Алғашында айтылып келген Оңтүстік Кореядан келген қала тұрғыны өзінің қадағалау мерзімі аяқталғаннан кейін провизорлық бөлімнен шығарылды. Бүгінде 16 наурыздан бастап білім беру орындары өз жұмысын тоқтатты, ойын-сауық орындары уақытша жабылды. Балабақша ұйымдарында дезинфекциялық сақтық шаралары күшейтілді. Шаралар толыққанды іске асырылып келеді, – деп мәлімдеді ол.

Білім беру орындарында залалсыздандыру жұмыстары жүйелі атқарылып келеді. Мұғалімдер мен тәрбиешілер қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Ал мектепке дейінгі білім беру ұйымдары штаттық режимге көшті.

– Қаламызда 14 мектеп, қосымша 3 білім беру ұйымы бар. Барлық мекемеде 16 наурыздан бастап білім беру тоқтатылды. Ондағы мұғалімдер, тәрбиешілер қашықтан жұмыс істеуге кірісті. Оның да өз тәртібі бар. Балабақшалар штаттық режимде жұмыс жасауда. Ата-ана өз баласын балабақшаға жібергісі келмеген жағдайда мекеме әкімшілігіне өтініш жазып, уақытша үзіліс алуға болады. Қазіргі таңда 7 мектепте залалсыздандыру жұмыстары атқарылды. Апта соңына дейін қалған мектептерде санитарлық өңдеу жүргізілетін болады. №5 мектептің кешкі сыныптағы 10-11 сынып оқушылары үшін оқу процесі қашықтан оқыту технологиясы арқылы ұйымдастырылуда, – деді білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков.

Шаһардағы мәдени-сауық орталықтары да уақытша жабылды. Көпшілік мәдени бұқаралық шаралар өткізуге тыйым салынды. Брифинг барысында осыған байланысты рейдтік шаралар ұйымдастырылатыны хабарланды. Сауық орталықтары жұмыс істеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген. Сондай-ақ спорт мекемелері өз жұмысын тоқтатты. Жоспарланған жарыстар кейінге шегерілді.

– Мұның барлығы қауіпсіздік үшін жасалып отырған шаралар. Осы ретте оқшауланудың маңызы зор. Бұл вирустың бір адамнан бірнеше адамға таралу қаупі өте жоғары. Сондықтан, қойылып жатқан талаптарды мүдірмей орындау керек. Барлық жерде эпидемияға қарсы іс-шаралар орындалу қажет. Бұл уақытта жеке бастың гигиенасын сақтау өте қажет етіледі. Қолды әрдайым сабынды сумен жуу қажет. Үй жағдайында ылғалды тазалық жұмыстарын жүргізіп, ауаны тазартып отырған жөн, – деді жиын соңында Гаухар Жалмурзина.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.


Вернуться назад