Жаңалықтар

03.04.2020
Жас ақын Абай ОРАЗ: «Поэзия – жалт еткен сәттің туындысы»

Әдебиет деген үлкен айдынға өлеңін қайық етіп, қаламын ескек еткен жас талант Абай Ораз жақында ғана дүйім жұртшылықты жағымды жаңалықпен сүйіншіледі. «Бебеу» атты тұңғыш жыр жинағын жарыққа шығарып, алғашқы қарлығашын ұшырды. Бүгін жас ақынмен жүздесіп, сұхбаттасудың сәті түсті.

– Абай, алдымен алғашқы жыр жинағыңның жарық көруімен құттықтаймын. Оқырманды өзіңмен жақын таныстырып алсақ.
– Шынайы құттықтауыңызға риясыз алғыс білдіремін! Әлбетте, таныстырып өткеніңіз артық болмайды. Мен 1994 жылы Сәтбаев қаласында тудым. Балалық шағымның балдәурені өткен өлке – Сарысу ауылы. Мектеп табалдырығын аттаған уақытқа дейін мен ауылда шал-кемпірдің қолында өстім. Әліппені танып, жазу-сызуды үйреткен білім ордасы – Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектеп. 7-сыныпта С.Сейфуллин атындағы гимназияға ауысып, сол оқу ордасынан түлеп ұштым. Мектеп кезінен бастап өлең жаттап, ертегі құрастырып, шығарма жазуға әуес болдым. Менің өлең жазуыма сүбелі үлесін, септігін тигізген – әкем. Буын санатып, ұйқас, бунақ, тармақ, шумаққа дейін түгел үйретті. Мектепішілік, қалалық байқауларға да әкем баулыды. Ең алғаш қандай байқау, мүшәйраға қатысқаным есімде жоқ. Бірақ, қандай байқауға қатыссам да жүлдемен оралатынмын. Есімде қалғаны сол ғана. Кейін студент болдық, түрлі республика көлеміндегі додаларға түстік. Ол – басқа әңгіме.

– Темірқазығың кім? Әкеңнен бөлек жол көрсетіп, жөн сілтеген кімдерді атай аласың?

– Мен пәленмін, түгенмін деп айта бермеймін, негізі. Бүгінгі қойылған сауалдар өзімді таныстыруға түрткі болып отыр екен. Ендеше, айтайын. Әкем атымды Абай деп азан шақырып қойған кезде де бір негізге сүйенген. Хәкімнің 150 жылдық мерейтойы қарсаңы болса керек, елдің бәрі тіршілікті дүбір мен думанға бөлеп жатқан кез екен. Баба ырыммен жолы даңғыл болсын деген ниетте қойса керек. Ес біліп, ақылым толысқанда мойнымда үлкен жауапкершілік пен жүктің тұрғанын сездім. Менің ғана емес, күллі адамзат баласының темірқазығы – Абай. Әлгінде ғана айттым ғой, студент болдық, түрлі байқауларда бақ сынадым деп. Сол уақыттарда елге танымал, сөзінің салмағы бар біраз ағалармен танысып, ұстаз тұтып, өнеге алдым. Мектеп кезінде Серік Ақсұңқарұлының «Төбемнен жауһар жауып тұр» деген алақандай ғана кітабын ақтарып, «Арғымақтар» деген өлеңіне қатты ғашық болдым. Кейін өзін іздеп бардым Қарағандыға. Маған кездескен кезінде бір кітабын ұстатып, қолтаңбасын берді. Жазғаны – «Абай атаңның атын асқақ ұста!». Одан бөлек қаламгерлер қауымы ішінде ақылын айтып, арқамнан қаққан Руслан Нұрбай, Серік Сағынтай, Бағдат Мүбәрак, Қайрат Асқар секілді ағалардан бастап, кейінгі толқындағы ағалардан көп жақсылық көрдім. Оның бәрін жіпке тізе берсек таң атады ғой. Университетте қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болған Азат Мақсұтбекұлы мен аға оқытушы, жазушы Жанболат Баймұрыновтың айтқан ақылы аққан дариядай. Осы жерде сәл кідіріс жасағым келіп тұр. Әдебиет пен өлеңді түсінуге, тереңдеп ұғуға тікелей әсер еткен бір тұлға бар. Кеше ғана өмірден өтті. Сол үшін кідіріс жасап отырмын. Алла панасына алсын ағамызды. Ол – Аманхан Әлімұлы. Марқұм өзі хабарласып, сағаттап отырып әдебиет туралы айтатын. Алматыға барған кезде де өзі күтіп алып, баладай аңқылдап тұрушы еді. Өлеңдерімді өзі өтініп сұрап алып, «Жас Алаш», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» сияқты республика көлеміндегі басылымдарға жолдап, шыққанынша қадағалап отырды. Менің көлемді поэмама талдау жасаймын деп хабарласып еді өткенде. Ең өкініштісі – кітабымды беріп үлгермей қалдым. Жарайды, басқа әңгіме айтайық…

– Әрине, мұндай суыт хабарды тосыннан естиміз деген біздің де ойымызда жоқ еді. Аманхан аға шынында да жастардың шынайы жанашыры бола білді. Өзің айт-
қандай басқа әңгімеге ауысайық. Алғаш жазылған өлеңің есіңде ме?
– Мектеп кезінде жазғандарымды шимай-шатпақ деп айтқан дұрыс шығар. Студент кезімде жазылды жақсы өлеңдер. Байқап қарап отырсам, мектеп уақытында сондай керемет ғашық болмаппын ешкімге. Кезіккен қыз-қырқынның бәрін өткінші жауындай қабылдағанмын ғой. Есімде қалған алғашқы өлеңім – «Сағыныш». Күзде жаздым. Елді ойлап, өткенді аңсап, дидарласып-сырласқан қызды сағынғаннан туды. Ол қыздың өзіне оқып бердім. Оған ұнады. Оның айтқан әңгімесі «Өзгеріпсің» болды.

– «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» дейтін сөз бар еді ғой. Қай тақырыптарға көбірек қалам тербейсің?
– Иә, бұл ертеден келе жатқан түсінік қой. Махаббат жастыққа тән, сол себепті өз жасыңа сай дүние жазған да дұрыс қой. Қартайғанда қалай жазасың? Азаматтық лирика көп менің өлеңдерімде. Махаббат лирикасын да біркісідей жазып жүрмін. Менің түсінігімде өлең деген – көңіл-күй. Ұйықтай алмай дөңбекшіп жатқанда, көзіңе жас үйіріліп өткен-кеткенді сағынғанда қолыма қалай қалам алғанымды білмей қаламын.

– «Бебеу» жыр жинағы туралы толығырақ айтып өтсең. Кітап шығару қай кезде ойға келді? Кітаптың атауы нені меңзейді? Қарап отырсам алғысөзі жоқ екен. Жастардың бәрі алғысөзге құмар болушы еді ғой. Жалпы кітаптың шығуына мұрындық болған кім?
– Кітап шығару маған арман болған жоқ. Осы уақытқа дейін де асықпай қоя тұруым керек пе еді деп ойлаймын. Бұл жинақ өз-өзіме есеп беру ниетінде шықты. Осы уақытқа дейін жазған-сыз-
ғандарымды бір жинақтап қойдым. Әлгінде ғана айттым ғой, өлеңге әкем машықтандырды деп. Тұңғышымды әкеме арнадым. Кітаптың атауы – ішкі жанайқай, дауыс деген ұғымды білдіреді. Алғысөзін Есенғали Раушанов жазатын боп келіскенбіз. Оған да марқұм Аманхан Әлім араласты. Кейін Ес-аға өзі хабарласты. Алғысөзден гөрі өлеңдеріңе көлемді талдау жасаймын дегенді айтты, мен де бірден келістім. Енді мына дүрбелең біткен соң Алматыға ағамды іздеп барғалы отырмын. Кітаптың шығуына демеушілік жасаған – қала басшысы. Асқар Абылайұлының өнерге деген ілтипаты ерекше, өзі де арнайы шақырып құттықтады. Ел астанасындағы «Кәусар» баспасынан шықты. Директоры – Қуат Құрмансейіт. Мені жерлес болған соң ба, әлде өлеңдеріме көңілі толған соң ба, кітабыңды шығарайық деп ұсыныс жасады. Дайындап, қаттап-беттегенше алты-жеті ай өтті.

– Жинақтың тұсауын неге Елордада кесуге шешім қабылдадың? Кешің кейін Қарағандыдағы Гоголь кітапханасында да өткенінен хабардармыз.
– Тұсаукесерге мүлде бас ауыртқан жоқпын. Жинақ шығарамыз деп жоспар құрған кезде Қуат аға Елордада ұйымдастырып беремін деді. Мен қарсылық білдірген жоқпын. Студент кезде жақсы араласқан дос-жаранның көбі астанада жүр. Бұл жаңалықты естіген олар сүйіншілеп бірі қалмай қоштап, іліп әкетті. Біраздан бері бас қоспаған біз үшін де таптырмас мүмкіндік болды. Елордадағы Жазушылар үйінің директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы қарсы алып, жан-жағымнан ақындар қаумалаған кезде қуаныштан жүрегім жарыла жаздады. Қарағанды – мені ақын қылған қала. «Жыр жауһар», «БОТА» ақын-жазушылардың әдеби ортасы ширатып, қалыптастырды. Студенттік өмірімнің куәсі болған Қарағандыдан айналып өте алмадым. Кешті ақын, журналист Жәнібек Әлиман жүргізді. Елге танымал ақындар тұсауын кесті.

– Кімдерді оқисың?
– Менің бүгінгі үлкен жетістігім – қай шығарма, қандай кітап оқу керек екенін айыра білемін. Мықты классиктердің бәрін оқимын. Кітапты оқу үшін арнайы дайындық жасаймын. Жұмыс арасында, апақ-сапақта оқу деген ұғым жоқ. Жайланып, жастанып оқымасам миыма қонбайды. Поэзия оқи қоймаймын. Көбіне проза. Қазір Қалихан Ысқақты оқып жүрмін.

– Бүгінгі заманда жазып қоя салу жеткіліксіз. Жазғаныңды жарқыратып көрсету, насихаттау қажет. Шығармаларыңның ғаламтордағы жарнамасы қалай?
– Менде осы жағы кемшін. Жариялау үшін қолымда мүмкіндік жетеді. Не бәлесі бар екенін білмеймін, анда-санда хабар алып тұратыным болмаса, әлеуметтік желіге қызықпаймын. Алдағы уақытта жазғанымды жарнамалау жөнінде жоспарым бар.
– Жазу өнерімен шұғылданып жүргеніңе көп бола қойған жоқ. Азын-аулақ уақыт прозада да қалам тербедің. Оның да бір байқауда жүлде иеленгенінен мына құлақ хабардар. Жалпы әдебиет сенің түсінігіңде не нәрсе? Ақындық? Поэзиядан прозаға бетбұрыс жасау қаншалықты қиын? Әлде мұның астарын А.Сүлейменовтің «Ақынды прозамен тексеріп алса – теріс емес» дейтін сөзінен іздеу керек пе?
– Мен осы уақытқа дейін жиған-терген қабілетімнің проза мен поэзияға бірдей жететінін іштей білемін. Қателігім – жазу үстеліне аз отырамын. Поэзия – селт ете қалған, жалт еткен сәттің туындысы. Проза оған бас имейді. Үлкен ізденіс пен табандылықты қажет етеді. Поэзияда жалғызсырайсың, елеңдеп біреуді іздеп, жоқтап отырасың. Проза жалғызсыратпайды – кейіпкерлерің өзіңмен ілесіп жүреді. Түнде де жаныңда жатады, жұмыста бірге отырады. Алдағы уақытта жазам деп жоспарлап, эскиз-сызба жасап қойдым. Уақыт көрсетеді.

– Қазір көп ортада жастардың шығармашылығына (ақын-жазушының) қатысты алуан түрлі пікір айтылады. Бірі мақтап жатса, енді бірі жаттанды деп сөгіп жатады. Елес кезіп, өлең құрау, құр қиялға ерік беру қаншалықты дұрыс?
– Мықты сыншы жазғаныңа лайық бағасын береді. Сөзбен сойып салып жатса – өсуіңе ықпал. Құр мақтап жатса құлағың керең болғаны дұрыс. Мен елес кезіп, құр қиялға ерік берген емеспін. Кез келген жерде өлең оқымаймын. Соңғы кездері өлең де оқып жүрген жоқпын. Түсінетін адам жоқ себебі.

– Өзің өлең жазып жүргеніңмен басқа салада еңбек етіп жатырсың? Бұл шығармашылығыңа өз кесірін тигізбей қоймайтын шығар? Жалпы біздің шаһарда әдеби орта бар ма? Бар болса көңілің тола ма? Кімдерді оқисың өз қатарластарыңнан?
– Әрине, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі зор. Десе де, әдебиетке уақыт бөлемін мүмкіндігімше. Әдеби орта жоқ. Қатарластарымнан қолға түскенін оқимын.

– Бүгін жастар кітап оқымайды дегенге пікірің?
– Адам кітап оқығанды тоқтатса, ойлауды тоқтатады деген мазмұнда айтылған сөз бар еді. Авторын ұмытып тұрмын. Кітап оқығанның жаман болғанын көргем жоқ. Өздері білсін!


Вернуться назад